Қаржы
Акция анда-мында. ERG НЕГЕ 1,7 триллион теңгеге бағаланды?
Eurasian Resources Group (ERG) алпауытындағы мемлекеттік 40% үлесті Қаржы министрлігінен «Самұрық-Қазына» қорына өткізу схемасы белгілі болды. Қордың биылғы жартыжылдық бойынша аудиттелген есебінде оның барысы ашық жазылған.
«Самұрық-Қазына» ERG-дің 40% үлесін ақшаға сатып алмаған. Қор әрқайсысының номиналдық құны 22,5 миллиард теңге болатын 31 жаңа акция шығарған. Жалғыз акционер – Қазақстан Үкіметі осы акцияларды ERG-дегі өзінің 40% үлесімен төлеген. Құжатта бұл пакет 697,7 миллиард теңгеге бағаланды.
Фото: "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ АҚ жартыжылдық есебінен
Схемаға сай, ақша қозғалған жоқ. Мемлекет өзінің ERG-дегі үлесін тікелей иеленуден алып, «Самұрық-Қазына» капиталына салды. Егер 697,7 миллиард теңгені 40 пайызға шақсақ, ERG-дің бүкіл капиталы шамамен 1,74 триллион теңгеге бағаланған болып шығады. Бірақ бұл көрсеткішті компанияның нақты нарықтық құны деп қабылдау қиын. НЕГЕ?
«Самұрық-Қазына» есебінде ERG активтері мен міндеттемелерінің әділ құнын бағалау әлі аяқталмағаны жазылған. Финалдық баға бір жыл ішінде нақтылануы тиіс. Жартыжылдық есептілігіне ERG үлесінен пайда болуы мүмкін қаржылық эффект қосылмады. Демек, ERG «Самұрық-Қазына» активтерін қаншалықты көбейтті деген сұраққа біз тек 2026 жылдың қорытынды аудиттелген есебі шыққанда ғана жауап бере аламыз.
Фото: NEGE
«Самұрық-Қазына» есептілігінде ERG-ге қатысты «бірлескен бақылау» термині қолданылды. Демек, мәселе жай ғана 40% акцияны ұстап отыруда емес. Бұрын Қазақстан тарапы Қаржы министрлігі арқылы тек үлесті ұстап отыратын да, ERG-дің ішкі басқарушы шешімдеріне араласа алмайтын. Ендігі корпоративтік келісімдер Самұрық-Қазынаның ERG бойынша маңызды шешімдерге ықпал етуіне мүмкіндік береді.
Қазір ERG акциялары бойынша картина мынадай: «Самұрық-Қазынада» - 40%, Шахмұрат Мүтәліпте - 39,3%, Алижан Ибрагимовтің мұрагерлерінде - 20,7% үлес бар. Мүтәліп биыл мамырда Патох Шодиев пен Александр Машкевич мұрагерлерінің 39,3% үлесін сатып алған болатын. Арада бірнеше ай өткенде мемлекет те өзінің пакетін «Самұрық-Қазынаға» өткізді. Яғни, ERG-дің акционерлік құрылымы бір жылдың ішінде түбегейлі өзгерді.
Nege.kz бұған дейін ERG-дің үлкен қарызы мен дивиденд мәселесін бірнеше рет жазып келді. 2023 жылы компания 142 миллион доллар шығын көрсетіп, акционерлеріне дивиденд төлемеген еді. Сол кезде EBITDA 54,9 пайызға құлап, түсім 6,51 миллирад долларға дейін түскен болатын. Бұған қоса, ERG-дің ВТБ мен Сбербанк алдындағы миллиардтаған доллар қарызы қаржылық тәуекелдің негізгі көзі саналды.
Бірақ қазір жағдай біршама өзгерген. 2025 жылдың қорытындысында ERG-дің таза пайдасы шамамен 220 миллион доллар болды. Компания шығын аймағынан қайта пайдаға шықты. Оның үстіне ERG соңғы жылдары Қазақстандағы кәсіпорындарына инвестицияны шамамен 40 пайызға өсіргенін мәлімдеді.
Қазақстан енді ERG-нің дамуына тікелей мүдделі. Себебі үлесті министрліктен қорға аудару корпорацияның қаржылық және басқарма шешімдеріне араласу мүмкіндігіне жол ашты. Демек, тиімділікті арттыру арқылы дивиденд пен салық мәселесін жағымды шеше алады.