Украинадағы қақтығыс аумағына тап болған қазақ жігіттерінің алды елге орала бастады

Украинадағы соғыс аймағында жүрген қазақ жігіттері Қазақстанға орала бастады.

Мейірман Шекеев/Instagram

Астана, NEGE. Бұл жөнінде адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

«Арнайы әскери операция жағдайына тап болған қазақстандықтардың алғашқы он үші әскери міндеттен босатылды. Енді олардың елге оралуына ешқандай құқықтық кедергі жоқ», – деп жазды қорғаушы.

Сондай-ақ қорғаушы әуежайда елге келген жігіттердің бірінің ата-анасымен қауышқан сәтінен видео жариялап, азаматтардың елге оралуына атсалысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Сыртқы істер министрлігі өкілдеріне ата-аналар атынан алғыс білдірді.

«Бұл – жай ғана оралу емес, бұл – ата-ананың көз жасы, отбасының үміті, баланың, Қазақстан азаматтарының елге оралуы», – дейді Мейірман Шекеев.

Украинадан нақты қанша азамат қайтарылғанын білу үшін редакция Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне сауал жолдады, алайда әлі жауап түскен жоқ.

Еске салсақ, қазан айының басында әлеуметтік желілерде соғыс жүріп жатқан аймақтарда жүрген қазақстандық жігіттердің елге қайтуға көмек сұраған өтініштері тараған еді.

Олардың арасында 2006 жылы туған Айнабек Келдібек пен Алмаз Қайсар бар. Айнабек Келдібектің жақындарының айтуынша, ол Ресейге жұмыс істеуге кеткен. Ал Алмаз Қайсар әскери полигонда жүргенін және Украинадағы соғысқа жіберілуіне бірнеше күн қалғанын айтқан.

Бұл ретте Сыртқы істер министрлігі соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтағы азаматтардың туыстарынан өтініштер түскенін, ведомство қазақстандықтарды елге қайтару үшін Ресей тарапымен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.