ҰҚК Атырау әкімінің тағы бір орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатқанын растады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. 

gov.kz

Астана, NEGE. Бұған дейін әлеуметтік желіде Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуовтың 100 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Желідегі ақпаратқа сәйкес, қомақты қаражат «Атырау қаласының кәріз жүйелерін күрделі жөндеу» жобасын іске асыруға мүдделі компанияның пайдасына шешім шығару, яғни жобаға өзгерістер енгізуге ықпал ету үшін берілген.

«Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген ҰҚК хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін Атырау қаласы әкімінің тағы бір орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны ресми расталған болатын.

Сондай-ақ қала әкімі Шәкір Кейкін де жауап алуға шақырылған. Оны 2 маусым күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлері облыс әкімдігі ғимаратынан кеңес басталар алдында алып кеткен. Жауап алынғаннан кейін ол үйіне жіберілген.