ҰҚК Атырау әкімі орынбасарына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын ресми түрде растады.
Астана, NEGE. Алайда ведомство өкілдері қай бап бойынша тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын нақтыламады.
«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін де жауап алуға шақырылған болатын. Оны 2 маусым күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметкерлері облыс әкімдігі ғимаратынан кеңес басталар алдында алып кеткен. Жауап алынғаннан кейін ол үйіне жіберілген. Қазіргі уақытта бұл екі істің өзара байланысы бар-жоғы белгісіз.