Түркістан облысында тұрғындар Қызыл кітапқа енген қызғалдақты көлікпен таптаған
Түркістан облысында тұрғындар Қызыл кітапқа енген Грейг қызғалдағын жұлып, көлікпен таптап кеткен.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде желі қолданушысы Жомарт Қамидоллин мәлімдеді.
«Демалыс күндері Ордабасы ауданына барып, Қызыл кітапқа енген Грейг қызғалдағын көрдік. Көрінісі де, алған әсеріміз де керемет! Бірақ бір «бірақ» бар… Адамдар, табиғатты неге бүлдіреміз? Суретке түсуге асықпай, кезекпен түсіп, бәрін сол қалпында қалдыруға болады ғой. Кейбіреулер тіпті көлікпен гүлдердің үстінен жүріп, таптап кетеді… Мұны көру өте өкінішті», – деп жазды ол.
Грейг қызғалдағы – сирек кездесетін, мемлекет қорғауындағы өсімдік саналады әрі Қазақстан табиғаты символдарының бірі.
Бұл қызғалдақты жұлғаны үшін заңда қатаң жаза қарастырылған. Құқық бұзушыларға 13 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар сот түзеу жұмыстарына тарту, бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қолдануы ықтимал.