Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына Пентагоннан тағы 400 млн доллар сұрады
Дональд Трамптың ұлдарымен байланысы бар Cove Kaz Capital компаниясы Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарындағы вольфрамды игеруге АҚШ Қорғаныс министрлігінен қосымша 400 миллион доллар сұрады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Financial Times хабарлады.
Бұған дейін Cove Kaz Capital АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі мен Даму қаржыландыру корпорациясынан шамамен 1,6 миллиард доллар алған. Егер Пентагон өтінімді мақұлдаса, жобаға салынатын мемлекеттік инвестиция көлемі 2 миллиард долларға жетеді.
Компания қаржы сұрап, АҚШ Қорғаныс министрлігі жанындағы Стратегиялық капитал басқармасына наурыз айында жүгінген.
Сондай-ақ бұған дейін жобаны АҚШ президенті Дональд Трамп, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және сауда министрі Говард Лютник тікелей қолдап отырғаны айтылған.