Тойда «уағыз» айтқан Түркістан облысының тұрғыны қамауға алынды

Жетісайда өткен тойлардың бірінде әншілерді шайтанның азаншысына теңеген Түркістан облысының 66 жастағы тұрғыны қамауға алынды.

Видеодан кадр/ІІМ

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі хабарлады.

«Бұған дейін хабарланғандай, әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының жария түрде айтқан сөздері түсірілген бейнежазбаның таралуына байланысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ведомство хабарламасында.

Полицейлер адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетінін ескертті.

Бұл ретте ІІМ өкілдері Қазақстанның зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет екені, ал адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар екенін еске салып өтті. Сондай-ақ заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екенін, жынысына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға байланысты кез келген кемсітуге тыйым салынған. Сөз бостандығы өзгелердің ар-намысына тимеуі тиіс, ал діни және әлеуметтік араздықты насихаттауға жол берілмейді.

Еске салсақ, Жетісайда өткен тойлардың бірінде сөз сөйлеген қонақтың «музыка – харам, ал әншілер – шайтанның азаншысы» деген мазмұндағы пікірі кешелі-бері қызу талқыланып жатыр. Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі жеке парақшасында видеодан үзінді жариялап, тұрғынды жауапқа тартуды сұрады.

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойдағы уағызға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, көпшілік алдында әйелдерді кемсіту, әншілер мен музыка өнеріне теріс көзқарас таныту Қазақстанның ұлттық болмысы мен зайырлы қағидаттарына қайшы.