Роза Әлқожа тойда әншілерді «шайтанның азаншысы» деген тұрғынды жауапқа тартуды сұрады
Жетісайдағы тойлардың бірінде қонақ ретінде болған әнші кейін әлеуметтік желіде күтпеген жағдайға тап болғанын айтты. Ол оқиғаның мән-жайын Instagram-дағы парақшасында жариялады.
Астана, NEGE. Дауға әлеуметтік желіде тараған видеодағы ер адамның пікірі себеп болған. Ол қазіргі таңда тойларда арақтың қойылмайтынын оң өзгеріс ретінде бағалап, ендігі кезекте тағы екі мәселені өзгерту қажет екенін айтқан.
Оның пікірінше, тойларда музыканы алып тастап, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызу керек. Сондай-ақ ол тойға келген әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атаған. Бұдан бөлек, видеода әйелдерді «ұрғашылар» деуі де әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады. Көпшілік мұндай сөздің орынсыз екенін айтып, той – адамдарға ақыл айтып, үкім шығаратын емес, қуаныш пен ізгі тілек білдіретін орта екенін жазды.
Осыған байланысты Роза Әлқожа Instagram парақшасында Жетісайдағы тойға арнайы қонақ ретінде барғанын айтып, видеодағы пікірлерге жауап берді.
«Ақшасын берді деп айыптағанға үндемей кете береміз бе? Кезінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Айша анамызға ән салдырған деген сөзді мына кісі естімеген бе? Сонда кейбіреулер дін деп осынша төмендеп, басқа ағымға еріп кеткен бе?» – деп жазды әнші.
Ол өзін буллингке ұшырағанын айтып, жеке басқа тіл тигізу мен қорлау бойынша қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрап, заңгерлерден пікір білдіруді өтінді.
«Маған жасаған буллинг үшін жауап бола ма? Жеке басқа тиісу, қорлау бойынша қандай бап бар? Заңгерлер болса жаза отырыңыздар!» – деді әнші.
Әлқожа жазбасында Жетісайдың дәстүр мен имандылықтың мекені екенін атап өтіп, мұндай сөздердің айтылуына қынжылатынын жеткізді. Сонымен қатар ол өңірдегі діни ахуалға жауапты органдардың назар аударуын сұрады.
Әлеуметтік желідегі пікірталас әлі де жалғасып жатыр. Бірі видеодағы азаматтың ойын қолдаса, енді бірі оның әншілер мен әйелдерге қатысты қолданған сөздерін орынсыз әрі қорлау деп бағалап жатыр.
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин тойдағы уағызға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, көпшілік алдында әйелдерді кемсіту, әншілер мен музыка өнеріне теріс көзқарас таныту Қазақстанның ұлттық болмысы мен зайырлы қағидаттарына қайшы.
«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады. Сол секілді, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді. Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды», – деді Қарин.
Оның сөзінше, қоғам өзара құрмет пен мәдениетті жоғары қойып, ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы әрекеттерге бірлесе тосқауыл қоюы керек.