Тойда уағыз айтып, басы дауға қалған ақсақалдың қызы Тоқаевқа үндеу жасады

Тойда әншілер мен әйелдер туралы пікір айтып, басы дауға қалған ақсақалдың қызы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Өзін Наргиза деп таныстырған ол әкесіне қатысты жағдайдың әділ әрі жан-жақты қаралуын сұрады.

Видеодан кадр

Астана, NEGE. Наргизаның айтуынша, әкесі ешқашан радикалды көзқарас ұстанбаған, экстремизмге немесе билікке бағынбауға шақырмаған, діни топ құрмаған және мемлекет пен қоғамға қарсы идеяларды насихаттамаған.

Оның сөзінше, әкесі тойға бірнеше күн қалғанда исламдағы музыканың орны туралы видео көрген. Содан әсер алып, діни көзқарасын туыстарымен бөліскісі келіп, бұл тақырыпты қарындасының тойында қозғаған.

«Сол кезде-ақ әкеме тойда мұндай тақырыпты көтерудің қажеті жоқ екенін айттым. Ол маған: “Мені кім тыңдайды дейсің?” деп жауап берді», – дейді Наргиза.

Наргизаның айтуынша, отбасылық жиынға тек туыстары мен әнші Роза Әлқожа шақырылған. «Әншілер – шайтанның азаншысы» деген сөзге ренжіген әнші видеоны әлеуметтік желіге салды. Наргиза осы жағдайға байланысты Роза Әлқожадан өзінің және әкесінің атынан кешірім сұрады. Оның сөзінше, әкесінің әншіні ренжіту ниеті болмаған.

Ол қоғамда ерекше сынға ұшыраған «ұрғашылар» сөзіне де тоқталды. Наргизаның айтуынша, әкесі бұл сөзді қорлау мағынасында қолданбаған және оның қазіргі қоғамда жағымсыз қабылдануы мүмкін екенін аңғармаған. Осы тұста ол сөздің шығу тегіне қатысты лингвист Құдайберген Жұбановтың тұжырымына сілтеме жасады.

«Оның болжамы бойынша, “ұрғашы” сөзі “ұрық”, “ұрпақ”, “тұқым” ұғымдарымен байланысты түбір мен “-шы” жұрнағының негізінде қалыптасқан. Яғни сөздің бастапқы мағынасы әйелді кемсітуге емес, оның ұрпақ жалғастырудағы рөліне қатысты болған. Сондықтан бұл сөздің тарихи мағынасы мен бұрынғы қолданысы қазіргі түсініктен өзгеше болғанын да ескеруді сұраймын. Ауылдағы кейбір ақсақалдар оны ешкімді кемсіту немесе қорлау ниетінсіз қолданып келген. Әкем де осындай ортада тәрбиеленгендіктен, бұл сөздің қазіргі қоғамда басқаша қабылданатынын шын мәнінде түсінбеген», – деді Наргиза.

Наргиза әкесінің өмір бойы әйелдерге құрметпен қарағанын айтып, әлеуметтік желіде оның әйелдерді кемсітетін адам ретінде сипатталуы шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Қызы Президенттен істі қарағанда әлеуметтік желіде тараған видеоның бірнеше секундына ғана сүйенбей, оқиғаның барлық мән-жайын ескеруді сұрады.

«Әкемнің әрекетінен заңда көзделген негіздер болмаса, әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыру белгілерін негізсіз іздеуге жол бермеуіңізді сұраймын», – делінген үндеуде.

Сондай-ақ ол құзырлы органдардан әкесінің сөзіне ғана емес, видеоны таратып, оның ар-намысына тиетін сөздер айтып жүрген адамдардың әрекетіне де құқықтық баға беруді сұрады.

Еске салайық, бұған дейін тойда сөз сөйлеген ер адамның музыка, әншілер мен әйелдер туралы пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді. Оқиғаға мемлекеттік органдар мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да пікір білдірді. Кейін полиция қылмыстық іс қозғап, ақсақалды қамауға алды