«Әншілер – шайтанның азаншысы»: Жетісайдағы тойдан кейін қылмыстық іс қозғалды
Жетісайда өткен тойлардың бірінде әншілер мен әйел адамдар туралы айтқан пікірінен кейін Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Астана, NEGE. Тұрғынның мәлімдемесінде діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері болуы мүмкін. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Полицейлер Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір азаматтың жынысына, тегіне, әлеуметтік жағдайына, дінге көзқарасына және өзге де мән-жайларға қарамастан құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз ететінін еске салып өтеді.
«Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлауға, діни, әлеуметтік немесе өзге де белгілері бойынша кемсітуге бағытталған кез келген жария үндеулер, сондай-ақ қоғамдық келісім мен бірлікке нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді», – делінген хабарламада.
ІІМ өкілдері сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайтынын, заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға берілетінін ескертеді.
Айта кетейік, бұған дейін танымал әнші Роза Әлқожа тойда әншілерді «шайтанның азаншысы» деген тұрғынды жауапқа тартуды сұраған болатын. Ол өзін буллингке ұшырағанын айтып, жеке басына тіл тигізіп, қорлағаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрап, заңгерлерден пікір білдіруді өтінді. Сонымен қатар ол өңірдегі діни ахуалға жауапты органдардың бұл мәселеге назар аударуын сұрады.
Кейін бұл жайтқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өз ұстанымын білдірді. Мүфтият өкілдері қонақтың өнер иелерін ауыр сөзбен айыптауы және әйел адамдарды «ұрғашылар» деп кемсітуі өрескел қателік болғанын атап өтті.
Діни басқарма өкілдерінің түсіндіруінше, Ислам дінінде адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндер құпталмағанымен, дін мен дәстүрдің құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат беріледі.