Тоқаев Трамптың шақыртуымен Давосқа барады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 22 қаңтар күні АҚШ Президентінің шақыруымен Давос қаласына барады.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«22 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысу үшін Давос қаласына жұмыс сапарымен барады», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев Америка Президенті Дональд Трамптан жаңа құрылып жатқан Газа бойынша бейбітшілік кеңестің құрамына кіру жөнінде шақырту алғаны мәлім болған еді. Қазақстанға осы кеңестің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылған. Мемлекет басшысы жауап ретінде АҚШ Президентіне ризашылығын білдіріп, жаңа бірлестіктің құрамына кіруге келісетінін растайтын хат жолдаған.
Вашингтонның нақтылауынша, Кеңес Газаны бейбіт түрде дамытуға қатысты міндеттемелердің орындалуын стратегиялық тұрғыда қадағалауға, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және бақылау жасауға жауапты болады.