19 Қаңтар 11:07
...

Трамп Тоқаевты Газа бойынша бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге шақырды

Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Америка президенті Дональд Трамптан жаңа құрылып жатқан Газа бойынша бейбітшілік кеңестің құрамына кіруге шақырту алды.

Астана, NEGE. Қазақстанға осы кеңестің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылған. Бұл ақпаратты Tengrinews агенттігіне президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай растаған.

«Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем көшбасшыларының ішінде алғашқылардың бірі болып Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақыру алды, ал Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болу ұсынылды. Мемлекет басшысы жауап ретінде АҚШ президентіне шынайы ризашылығын білдіріп, осы жаңа бірлестіктің құрамына кіруге келісетінін растайтын хат жолдады. Президент Қазақстанның Таяу Шығыста орнықты бейбітшілікке қол жеткізуге, мемлекетаралық сенімді нығайтуға және жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосуға ниетті екенін растады», – дейді Руслан Желдібай.

Айта кетейік, АҚШ президенті Газа бойынша бейбітшілік кеңесін құрмақ. Вашингтонның нақтылауынша, кеңес Газадағы бейбіт дамуға қатысты міндеттемелердің орындалуын стратегиялық тұрғыда қадағалауға, халықаралық ресурстарды жұмылдыруға және бақылау жасауға жауапты болады.

Бірқатар мемлекет басшыларына осы кеңеске құрылтайшы елдер ретінде қатысуға шақырту жіберілген. Аргентина, Венгрия, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия тиісті ұсыныстарды алғанын растап, ұсынысты қабылдауға келісім білдірген. Сондай-ақ Франция, Германия және Біріккен Араб Әмірліктерінің басшыларына да шақырту жолданған.