Тоқаев Путинге жауап берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдірді.
Астана, NEGE. Владимир Путин өз жеделхатын қайғылы оқиға орын алған күні жолдаған.
«Қазақстанның Каспийдегі Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты қайғыра көңіл айтамын. Қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына шынайы көңіл айтуым мен қолдауымды жеткізуіңізді сұраймын. Ресей де олардың қайғысы мен қасіретін бөліседі», – делінген жеделхатта.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін ауыр сәтте Ресей басшылығы мен халқының шынайы тілектестігі мен қолдауын ерекше бағалайтынын атап өтті.
Айта кетейік, 24 қыркүйек күні Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт бұзылып, қатты жел соққан. Салдарынан 17 әскери қызметші суға кетті. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі бап бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.