Тоқаев Президент Әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебайдың жұмысына баға берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінге дейін Президент Әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған Айбек Дәдебайдың жұмысына жоғары баға беріп, зор ризашылығын білдірді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді. Сондай-ақ ол Айбек Дәдебайдың алдағы уақытта қандай жұмыспен айналысатынынан хабардар етті.
«Таяу уақытта елімізде ауқымды саяси науқан өтетіні белгілі. Осындай сындарлы сәтте Айбек Арқабайұлы Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бойынша қоғамдық-саяси жұмыспен айналысады», – деп жазды Смадияров.
Еске салсақ, бүгін, 5 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігінің басшысын ауыстырды. Президент Әкімшілігін 2024 жылғы ақпан айынан бері басқарып келген Айбек Дәдебайдың орнына Роман Скляр тағайындалды.