Тоқаев «Ғаламат жұт шежіресі» еңбегінің авторын І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақын, журналист, Қазақстанның халық жазушысы Валерий Михайловты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Юрий Беккер

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық әдебиеттің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін жазушы Валерий Михайловты І дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мерейтой иесіне жолдаған құттықтау жеделхатында жазушының табиғи таланты мен еңбекқорлығының арқасында шығармашылық жолда ерен табысқа қол жеткізгенін, ұзақ жылдар бойы Қазақстанның беделді басылымдарында жемісті еңбек етіп, «Казахстанская правда» газеті мен «Простор» журналын басқарғанын атап өтті. 

«Адамгершілігі мол әрі өмірлік ұстанымдарынан айнымаған тұлға ретінде қаламгерлер арасында және қоғамда үлкен құрметке бөлендіңіз», – деп жазылған жеделхатта.

Тоқаев Валерий Михайловтың бірнеше буын оқырман қызыға оқитын шығармалары төл әдеби қазынамыздың бір бөлігі ретінде лайықты бағаға ие болғанына назар аударған.

Айта кетейік, Валерий Михайлов – 1931-33 жылдардағы алапат ашаршылық туралы жазылған «Ғаламат жұт шежіресі» деректі хикаятының авторы. Алғаш рет 1990 жылғы мамыр айында жарық көрген кітап 13 рет қайта басылып, неміс, ағылшын тілдеріне аударылған. Еңбекте Ғабит Мүсіреповтің, Мекемтас Мырзахметовтің және Ғалым Ахметовтің ашаршылық жылдары туралы естеліктері қамтылған.