TikTok-та мысықтың құлағын тістеп, қинаған 43 жастағы ер адам жазаға тартылды

Полицейлер TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде қызының көзінше мысықты қинап, қатыгездік танытқан ер адам анықталғанын хабарлады. 

Видеодан кадр/polisia.kz

Астана, NEGE. Полиция қызметкерлері жануарға қатыгездік танытқан адамды бейнежазба бойынша тексеру арқылы тауып, полиция бөліміне жеткізді.

«Ол 43 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны Серік Кетенов болып шықты. Оған айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындалды. Бұдан бөлек, оған мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту жасалды», – деп хабарлады ІІМ өкілдері.

Полицейлер жануарларға күш қолдану, оны қинау немесе зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертеді.

Еске салсақ, биыл мамыр айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.  Заңдағы өзгеріске сәйкес, Үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағаны және оларға қатыгездік көрсеткені үшін әкімшілік пен қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылды.