25 ноября 2022 г. 13:00

Термин енгізу – басқа елдің сөзін сол күйінде ала салу емес

Фото:

Қазақ тілі – сөзге бай. Қазақ тілінің қоры терминдер арқылы да толығып келеді. Оны арнайы комиссия бекітіп, қолданысқа енгізеді. Алайда, комиссия қандай қағида мен заңдылықтарға сүйенеді?

Әлбетте кез келген салаға кіріккен терминдер сөздік қорды молайтады. Термин де ғылым мен білімнің дамуына, қоғамдық-саяси өмірдегі оқиғалардың өрбуіне байланысты түрленіп отырады. Мәселен, кеңестік кезеңдегі тіл ережесіне орай қабылданған терминдердің көбі ескірген. Қазір жаңа технология қарыштаған заманда халықаралық терминдер еніп жатыр.

Еліміз егемендік алған жылдары тіл ғалымдары басқа елден енген терминдерді қазақшалауға кірісті. Яғни, бұған дейінгі терминдерге арнайы мониторинг жүргізу жұмысы жүргізілді. Себебі, бір терминнің әртүрлі баламасы енгізілді, тіпті мемлекеттік тілдегі нұсқасы тәп-тәуір болса да, орыс тіліндегі баламасын да қатар қолдану белең алды. Сондықтан да терминдерге мониторинг жұмысын жүргізіп, талдау жасау маңызды. 

Айта кету керек, үш жыл бойы жұмыс істеген мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдаған терминдерге мониторинг жүргізу жұмысы өз мәресіне жетті. Бұл тұрғыда жұмыс ғылым саласынана қатысты, яғни қоғамдық ғылымдар терминдеріне қатысты өрбіді.  Осы орайда атқарылған жұмыстардың бір парасына тоқталсақ, алдымен 1971-2014 жылдар аралығында бекітілген терминдерді талдау, сұрыптау жұмысы жүргізіліп, қоғамдық ғылымға қатысты 6039 термин таңдалып алынды. Сондай-ақ, бұл терминдер тағы да нақтыланып, арнайы белгі қойылды. Әр сөз терминжасам арқылы жасалатын болғандықтан олардың түп-төркіні анықталды. Және оның бұған дейінгі еңбектерде, әдебиеттерде қолдану сипаты айқындалып, әрқайсысына дефиниция жасалды. Ең бастысы, қоғамдық ғылымдар саласы терминдерінің терминология заңдылығына сәйкестігі сипатталды. Бұл терминдерді бірізге түсіруге септігін тигізетіні сөзсіз. 

Мемлекеттік терминология комиссиясының жұмысы мұнымен бітпек емес. Алдағы уақытта комиссия техника мен жаратылыстану ғылымына қатысты терминдерді сараптауды қолға алмақ.

Термин енгізу, бекіту – тіл ғылымындағы күрделі жұмыс

  Бұдан кейін Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Бекітілген терминдерге мониторинг жүргізу» жұмысын қорытындылады.

Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Абзалбектің айтуынша,   президент Қ.Тоқаевтың қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру тапсырмасына сәйкес көп шара атқарылуда. «Қазақ тілін ғылым тіліне айналдырудың алғышарты – терминдерді енгізіп, бекіту. Бүгінде ақпараттық кеңістік бір болып кеткен уақытта енген шетелдік термин сөздер қазақ тілі заңдылығына орай сараптамадан өтіп, терминология комиссиясының арнайы отырысында бекітіледі. Дегенмен, бұл салада да ретке келтіретін жайт көп. Ол кейбір терминнің әртүрлі баламасының тілдік қолданысқа енуі, ақпарат құралдарында бір сөздің түрлі нұсқада жазылуы, айтылуы, тіпті кезінде бекітілген сәтсіз терминдердің қазақ тілінің дамуына кедергі келтіретіні де ауқымды мәселе», – дейді Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Абзалбек.

Басқосуға қатысқан ғалымдар терминдерге мониторинг жүргізу жұмысына тоқталып, кездесетін қиындықтар туралы айтып, ғалымдарды ортақ іске жұмылдыруға шақырды.

Кез келген ұлт тілі термин арқылы толысып отырады. Яғни, басқа елден сөз алмасу, термин алмасу да тәжірибеде бар дүние. Бұдан қашу мүмкін емес. Тіл үнемі даму процесінде болады. Тіл ғалымы А.Байтұрсынұлы «Тілді жұмсай білу, сөзден сөз жасап шығару екінің бірінің қолынан келе бермейді» деген. Демек, термин енгізу, бекіту – тіл ғылымындағы күрделі жұмыс. Әр ғылым саласына енгізілген терминдерді реттеу, жүйелеу аса ыждаһаттылықты қажет етеді.

Қорытынды жұмысын ұйымдастырушылар жоба барысында сонау 1971-1981 жылдары, сондай-ақ 2014 жылы енгізіліп, бекітілген терминдерді қайта сұрыптаудан өткізіп, жүйелеп, біріздендіргенін жеткізді. Алдағы уақытта одан бергі жылдардан бүгінге дейінгі терминдерді де арнайы комиссияның қарауына салуды жоспарлап отыр.

Шын мәнінде, сырттан енген терминдердердің кейбірі құлаққа түрпідей естілетіні жасырын емес. Оны тіл ғалымдары айтып, жазып жатса да, қолданыста жүр. Бұған кінәні кімнен және қайдан іздейміз? Әлгінде айтқандай, бір сөздің бірнеше баламасын енгізіп жіберіп, соңында «қайсысын қолданған дұрыс?» деп өзімізге өзіміз сауал қоямыз. Сондықтан терминді бекітерде қазақ тілінің сөздік қорын азайтатын емес, байытатын жолды таңдаған дұрыс. Ізденбей, зерттемей енгізе салу тіл ғылымының дамуын тежейтіні сөзсіз.

Термин енгізу – басқа елдің, бөтен тілдің сөзін сол күйінде ала салу емес, ана тіліне бейімдеу. Оның да заңдылығы, тәртібі бар. Әрине, жаһандану заманында жаңа технолоия дамыған сайын жаңа терминдер, ұғымдар, атаулар қатары да көбейіп келеді. Терминология сөздік қорын молайтамыз десек, тіл тазалығы сақталуы тиіс.   

 

Шерубай Құрманбайұлы: 

Терминдерді елеп-екшеп, жарамсызын қолданыстан шығару – үлестіруші органның жұмысы

Терминдерді дұрыс қолданып жүрміз бе? Ауызекі тілде айтылатын сөзді ақпарат құралдарында бейберекет қолдануға бола ма? Тіл тазалығын қалай сақтауға болады? Тіл мамандары мұны қалай сұрыптаудан өткізіп жүр? Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлынан сұрадық.

 – Шерубай Құрманбайұлы, ақпарат құралдарында қате айтылып жүрген термин көп. Осыған орай «Сөзтүзер» атты сөздік те жарық көрді. Алайда, мұны темірқазық ретінде пайдаланып жүрміз бе?

– Қазір аудармамен айналысатындар көп. Алайда, аударма жасағанда түпнұсқаны негізге алуға болады. Әр ұлт өзіне тән танымға байланысты атау береді. Бірақ бұл түпнұсқаның аясынан шықпау керек дегенді білдірмейді. Бұл біздің терминология саласында да кездеседі. Еліміз сөзжасам мен терминжасаммен шығармашылық түрде шұғылданатын мамандар дайындауға келгенде кідіріп қалды. Себебі, соңғы кезде терминнің дені жаңа технология, ғылым саласына кірігіп жатқандықтан, мұнда көбінесе орыстілді мамандар жұмыс істеді. Ал тіл тазалығын сақтауда әуелі ақпарат құралдары абай болу керек. «Сөзтүзер» де сол мақсатта жарық көрді. 2000 жылдан бері БАҚ тілі жөнінде талай мақала жарық көрді, түрлі конференциялар мен тренингтерде талқылау өтті. Бірақ бұдан сөз түзелді ме? Содан кейін белгілі тіл мамандары, редактор, аудармашылардың басын қосып, төрт ай ішінде сөздікті дайындап, шығардық.  

 – Қазір сол 2000 жылдардан бергі қолданыста жүрген әр саладағы терминдерді бірізге салу жұмысы қолға алынды. Бір сөздің бірнеше баламасы бар. Мұны қалай жүйеге келтіруге болады?

– Терминдердің жарыспалығы, бірнеше нұсқасының қатар қолданылуы деген мәселе бар. Мұның түрлі себебі жетерлік. Біріншіден, әсіресе шет тілінен келген терминдердің қазақша баламасы қалыптаспады. Әр ғылыми орталықта, инстиутта, жоғары оқу орнында жұмыс істейтін мамандар өздерінше аударып, қолданып жүр. Солардың ішінен тілдік нормаға сәйкес келетін, атауды дәл бейнелейтін ең ұтымды сөзді табумен терминологиялық жұмыстарды үйлестіру құқы бар мемлекеттік орган немесе ғылыми мекеме анықтап отыру керек.

Бізде республикалық деңгейде терминдерді үйлестіру, мониторинг жасау, сараптаудан өткізу жұмысын ұйымдастыру кезінде шикілік байқалады. Соның салдарынан терминдердің жарыспалығы ұзаққа созылып кетеді. Ол сөздіктерде, оқулықта, басылымдарда әрқалай қолданып жүргендіктен ғылым тілінің, терминнің қалыптасып, орнығуына кері әсерін тигізеді. Жалпы, терминдердің жарыспалығы деген терминжасамды нақты бекітіліп, қолданысқа енгенге дейін болатын құбылыс.

Ұсынылған нұсқаның ішінен уақытында іріктеп алып, оны мамандар арасында келісіп, терминологиялық сөздікке енгізіп, одан кейін ғылыми әдебиеттерге, мектеп оқулықтарына, жоғары оқу орны оқу құралдарына пайдалануға ұсыну керек. Бізде осы жағынан үйлестіру жұмыстары көп жағдайда өз деңгейінде жүргізілмейді. Терминдер әр салаға түрлі нұсқада еніп кеткеннен кейін жұрт қайсысын қолданатынын білмей дал болады. Сондықтан терминология жұмыстарын нақтылау қажет. Бірінші шыққан терминдерде дер кезінде түгендеп жинақтау, одан кейін іріктеп, ресми мақұлдап, бекіту қажет. Екінші, нормативтік сөздікке енгізіп, сәтсіз жасалған терминдерді қолданыстан шығарып отыру керек. Мұның бәрі кәсіби деңгейде атқарылуы тиіс. Осы жұмыстар сәтті жүргізілмеген соң, жарыспалық та бола береді. Шынтуайтында, жарыспалы терминдердің, көп нұсқаның болуы – табиғи процесс. Өйткені, бұл шығармашылық жұмыс. Ғалымдар терминге ат беріп, айдар тағуға қақысы бар. Тек соның ішінен біреуін алып, бірізге салып, реттеп отырмаса, термин жасау ісі өнімділік бермейді.

 – Тілдік қолданысқа енген сәтті терминдерді атап өтесіз бе?

– Мұндай термин көп. Тәуелсіздік алғалы бері қаншама сәтті термин енгізілді. Мысалы, қаржы саласын алсақ, «финанс» сөзін «қаржы», «финансистті» «қаржыгер» дейтін болдық. Тіпті, «спонсорға» «демеуші» деген әдемі атау бердік. Сол сияқты «юрист» дегенді «заңгер» дейміз. Осындай терминдерді ғылым саласының қай-қайсысынан да табуға болады. Бұрын кеңестік кезеңде «клетка» дедік, қазір балалар «жасуша» деп біледі. Осы терминнің бәрі қалыптасып кетті. Әрине, талғамсыз, кәсіби деңгейі төмен мамандардың араласып кетуінен жасалған тілдік нормаға сәйкес келмейтін ұғымдағы терминдер де кездеседі. Бірақ соларды елеп-екшеп, жарамсызын қолданыстан шығару – үлестіруші органның жұмысы. Бұл жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаса, ғылым тіліне нұқсан келеді. Терминологиялық қордың сапасы төмендейді. Мамандар осымен айналысуы керек.   

Тегтер: