Теңге құнсызданып кетсін. «Alatau City Bank» НЕГЕ қарызын жырымдай бастады?

Өткен аптада «Alatau City Bank» АҚ мемлекетке 125,3 миллиард теңгені мерзімінен бұрын қайтаратынын жариялады. Осы арқылы банк акционері Вячеслав Ким банктің 2024-2025 жылдардағы таза табысынан өзіне қомақты дивиденд алуда. Биыл банк секторының табыстылығы біршама төмендеп жатқанын ескерсек, қалған қарыз мемлекетке қашан қайтады?

Nege.kz

Соңғы жарияланған деректер бойынша, жыл басында Alatau City Bank-тің мемлекет алдындағы міндеттемесі 950,2 миллиард теңгені құраған. Енді осы сомадан 125,3 миллиард теңгені шегерсек, банктің мемлекетке бүгінгі берешегі шамамен 824,9 млрд теңге болып тұр.

Фото: kase.kz

Вячеслав Кимнің жомарттық танытып, мемлекетке қарыздың бір бөлігін неліктен ертерек қайтарғаны да жасырын емес. Ол ҚНРДА қойып отырған осы талапты орындау арқылы ерте қайтарған 125,3 миллиард теңгеге қоса тура сондай соманы өзіне дивиденд ретінде алған. 125,3 миллиард теңгелік дивидендті «Alatau City Bank» акционерлік қоғамы өзінің басқарушы компаниясы «United Group Alatau» акционерлік қоғамына аударады.

Егер Вячеслав Ким дивиденд алмай, 250,6 миллиард теңгені бірден мемлекетке қайтарғанда қарызы 699,6 миллиард теңгеге дейін азаяр еді. Бірақ олигарх өзін де ұмытпауды жөн көрді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша аудиттелген есептілікке қарасақ, Alatau City Bank-тің активтері 3,85 триллион теңгеге, меншікті капиталы 1,11 триллион теңгеге, ал міндеттемелері 2,74 триллион теңгеге жеткен. Яғни банк капиталы активтердің шамамен 29 пайызына тең. Қазақстандағы банктер үшін бұл өте жоғары көрсеткіштердің бірі.

Фото: Nege.kz

Одан бөлек, капитал жеткіліктілігінің барлық негізгі нормативтері де үлкен қор қалыптастырған. Бірінші деңгейдегі капитал коэффициенттері мен жалпы капитал жеткіліктілігі реттеуші талаптардан бірнеше есе жоғары. Бұл банктің техникалық тұрғыдан мемлекет алдындағы міндеттемелерді мерзімінен бұрын өтеуге қауқары бар екенін көрсетеді.

Вячеслав Ким тіпті 500 миллиард теңгені мемлекетке ертерек қайтарса да, Alatau City Bank капиталы екі есеге азайғанымен, ауқымды резервтері сақталып қалар еді. Банктың операциялық нәтижелерін қарайық. 2025 жылы Alatau City Bank 145,4 миллиард теңге таза пайда тапқан. Одан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 179,9 миллиард теңге болған.

Бір қарағанда бұл теріс динамика сияқты көрінеді. Бірақ банктің негізгі банктік бизнесі әлсіреген жоқ. Керісінше, таза пайыздық табысы өсіп отыр. Несие бойынша резервтерге дейінгі таза пайыздық табыс 264,1 млрд теңгеден 280,2 млрд теңгеге дейін көбейген. Резервтерді есептегеннен кейінгі таза пайыздық табыс та 209,2 млрд теңгеден 225,7 млрд теңгеге дейін өскен. Демек, банктың негізгі ақша табу механизмі жұмыс істеп тұр.

Alatau City Bank мойнына ілінген Қазақстан қаржы секторы тарихындағы ең үлкен қарыз тарихы «Цеснабанк» пен кейінгі Jusan Bank-тің мемлекеттік қолдау алу кезеңінен басталады. 2018–2019 жылдары мемлекетке тиесілі Проблемалық кредиттер қоры «Цеснабанктің» ауыл шаруашылығы секторындағы проблемалық несиелерін шамамен 1,05 триллион теңгеге сатып алған болатын. Кейін Jusan Bank «АТФ Банкті» өзіне қосып алған кезде тағы 100 миллиард теңге көлеміндегі мемлекеттік қолдау субординациялық облигациялар арқылы берілді. Бүгінгі Alatau City Bank осы тарихи міндеттемелердің құқықтық мұрагері болып отыр.

Фото: Nege.kz

Соңғы екі жылда банк мемлекетке қарызды кезең-кезеңімен қайтара бастағанын көріп отырмыз. 2024 жылы «Самұрық-Қазына» қорынан алған проценті қымбаттау 100 миллиард теңге борышты толығымен өтеп тастады. 2025 жылы мемлекетке 50 миллиард теңге қайтты. Ал биыл тағы 125,3 миллиард теңгені мерзімінен бұрын төлемек.

Осылайша, жалпы қайтарылған қаражат көлемі 275,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл – жалпы қарыздың бір ширегі ғана. Ал қалған 75 пайыз қарыз қашан қайтады? Және ол кезде теңгенің құны қандай болады? Басты екі сұрақ осы болып отыр.