2 Маусым 12:00
...

Атау ауыстыру оңай. Қарызды қайтару НЕГЕ қиын?

Ким
Фото: Фото: Nege.kz

Атауын Alatau City Bank, ал қожайынын Ғалымжан Есеновтен Вячеслав Кимге ауыстыратын «First Heartland Jusan bank» акционерлік қоғамы мемлекет алдындағы қарызын не істемек? «Цесна банктен» мұра болып қалған 860 миллиард теңгелік ең үлкен қарыз «Жусан банктің» 2024 жылғы қаржылық есебінде көрсетілмейді. Тіпті балансында жоқ.

Сонда бұрынғы АТФ-тың қарызын төлесе, Jusan мемлекетке қарыз деп саналмай ма? Қазір аталған банктің есептілігінде оның субординацияланған қарызы небәрі 118 миллиард теңге деп көрсетілген. Бұл – бұрынғы «АТФ банкті» құтқаруға арналған мемлекет алдындағы қарызы. Ал «Цесна банктің» мұрасы қайда?

Jusan
Фото: "First Heartland Jusan Bank" АҚ 2024 жылғы қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Қазақстандағы ең бай адам, олигарх Вячеслав Кимнің Jusan банкті қандай шарттармен сатып алатыны жөнінде нақты деректер жоқ. Бірақ мемлекет осы арада ондай мәмілеге рұқсат беретін орган ретінде, рұқсат беріп жатқанда «Цесна банк» қарызын қайтару мәселесін көтерді ме деген сұрақ туындайды.

«Цеснадан» Jusan-ға айналу, одан кейін «Alatau City Bank» болып құбылу, осы көпсатылы жүрістердің артында мемлекетті 2 миллиард долларға лақтыру амалы жатқан жоқ па? Егер шынымен де, ендігі Alatau City Bank «Цесна» қарызын мойындамай, ол артынан сызып тасталса, біз нағыз «ғасыр аферасына» куә боламыз.

Jusan
Фото: Nege.kz

Жаңа қожайын Вячеслав Кимнің 860 миллиард теңге қарызды жабатын қауқары бар ма? Біздің есебімізше, қауқары бар. «Жусан банк» балансында 794 миллиард теңге үлестірілмеген таза кіріс жатыр. Оған тағы 65 миллиард теңгедей қосса, қарыз мәселесін шешуге болады. Вячеслав Кимнің Kaspi bank-те 21,18 пайыз үлесі барын есептесек, бұл банкте кіріс ретінде қордаланған 943 миллиард теңгенің шамамен 200 миллиарды Кимнің ақшасы екенін пайымдаймыз.

Сонда Вячеслав Ким еш қиналмай 860 миллиард қарызды қайта алады. Ал өз балансында көрсетілген, АТФ-тен қалған облигациялық қарызды Alatau City банкі бекітілген график бойынша төлей бермек.

Тек жаңа қожайын Вячеслав Кимде мемлекеттік қарызды қайтаруға деген ниет бар ма? Барлық әңгіме осында.