Таулы Қарабақ: Соғысты тоқтатқан кім?
Арменияның қазіргі билігі бітімге келуге және 90-жылдары Әзірбайжаннан басып алған бірнеше ауданын қайтаруға келісті.
Қазіргі билігі деп баса айтуымыздың мәні бар. Өйткені Пашинян бұл бітіммен бірге өзінің саяси мәнсабына да нүкте қоюы ғажап емес. Келісімге қол қойылған түні Ереванда бұған наразы топ алаңға шығып, үкімет үйіне, парламент ғимаратына басып кірді. Ашулы топ парламент спикері Арарат Мирзоянды соққыға жықты. Қазір армян оппозициясы Пашинянның шешімін заңсыз деп танып, бітімді бұзу мәселесін талқылауда. Оларды республиканың президенті Армен Саркисян қолдауда.
Армения билігі Таулы Қарабақтан басыбүтін айырылып қалудан аман қалды. Бұған дейін сайтымызда Әзірбайжан әскерінің Шуша қаласын алғаны бұл соғыста түбегейлі бетбұрыс жасайтынын, іс жүзінде Таулы Қарабақтың толық азат етілуіне жол ашатынын жазғанбыз. Ереван да, әлем мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының билігі де Баку Шушаны азат еткенін дәлелдейтін бейнежазбаны жариялағанның өзінде соңғы сәтке дейін Шушадан айырылғандарын мойындамай келді. Олар қала үшін кескілескен ұрыс жүріп жатқанын, қасық қандары қалғанша соғысатындарын мәлімдеген.
Арутюнян өзіне қол сала ма?
Әзірбайжан тарабы жариялаған бейнежазбада Шуша қаласында қираған, бүлінген ғимараттардың аздығы бірден көзге түседі. Тіпті қалалық әкімшіліктің ғимаратының терезесіне дейін аман тұр. Бұл қаланың бір бөлігі үшін ұрыс болмағанын немесе қоршауға түсуден қорыққан армян әскерінің қаланы ұрыссыз тастап кеткенінің жанама дәлелі. Әрине тап басып айта алмасақ та, Шуша түбінде армяндардың «Сталинград майданын» ашпағаны анық.
Мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының президенті Араик Арутюнян бұған дейін «Шушаны әзірбайжандарға беріп қойсақ, өзіме қол жұмсаймын» деп серт берген еді. Әзірге Арутюнян аман. Дегенмен осыған дейін талай мәрте жалаң ұран, әпербақан мәлімдеме жасап, ақырында армяндардың көз алдында опасыз болып қалған бұл саясаткер өзіне саяси «харакири» жасады.
Құлаған тікұшақ Әзірбайжанның жоспарын қалай өзгертті?
Әзірбайжан президенті И.Әлиев күні кешеге дейін Таулы Қарабақты толық азат етпейінше тоқтамайтынын нықтап айтып келген. Оны Түркия президенті Ережеп Ердоған қолдап, «бауырлардың әділетті соғысында соңына дейін көмек беруге әзір» екенін жария еткен. Қарашаның 9-ында Әлиев Әзірбайжанға қарсы агрессия басталса, Түркиядан әскери көмек сұрайтыны туралы күтпеген мәлімдеме жасады. Әзірбайжан президенті көп жыл бұрын Түркиямен соғыс болған жағдайда өзара қолұшын беру туралы келісімге қол қойылғанын айтты. Және бұл келісім «Армения мен Ресей арасындағы форматқа ұқсайтынын» баса атап өтті.
Тоқсаныншы жылдардың басында Арменияның Таулы Қарабаққа басып кіруіне көмектескен Ресей бұл жолы күні бүгінге дейін бақылаушы рөлімен шектелді. Ереван Кремльдің бұл соғысқа араласуын ашықтан-ашық сұрағанымен, Путин іргесіндегі қырғи-қабаққа килігуге батпады. Себебі халықаралық құқық Таулы Қарабақты Әзірбайжанның армяндар басып алған территориясы деп таниды. Оның үстіне Арменияның өзі Таулы Қарабақтың тәуелсіздігін мойындаған жоқ. Бірақ империялық пиғылын еш жасырмайтын Кремльдің саяси сахнаның сыртында түрлі астыртын ойын жүргізгені жасырын емес.
«Іздегенге сұраған», Путиннің көктен іздегені жерден табыла кетті. Кеше түнде Армения мен Әзірбайжан шекарасында Ресейдің әскери колоннасын әуеден қорғап жүрген шабуылдаушы МИ-24 тікұшағын зенитті-зымыран кешені атып түсірді. Екі адам қаза тауып, бір әскери жараланған. Көп кешікпей Баку тікұшақты өздерінің байқамай атып алғанын мойындады. Әзірбайжанның СІМ бұл кездейсоқ қателік болғанын, Әзірбайжанның Ресейге қарсы жаулық көзқараста еместігін айтып, ресми түрде кешірім сұрады. Кейінірек Ильхам Әлиев Путинге телефон шалып, тағы кешірім өтінді. Тікұшақты атып түсіргені үшін моральдық әрі материалдық өтемақы төлеуге әзір екенін және кінәлілердің жазаға тартылатынын айтты.
Осы орайда сұрақ туады. Армения мен Әзірбайжан арасында соғыс жүріп жатқанда Ресей әскері екі елдің шекарасында не істеп жүр? Ресейлік әскерилер қақтығыс ауданында әскерінің өтетінін, тікұшағының ұшатынын қос тарапқа неге хабарламаған? Соғыс жағдайында жау жақтан әскер немесе соғыс техникасын көргенде кез келгеннің жүйкесі сыр беретіні белгілі емес пе? Әлде бұл «белгісіз маневр» мен «үнсіздік» жоспарлы сумақай саясат па?
Қалай десек те, тікұшақтың құлауы Ресей билігіне таптырмас олжа болды. Тікұшақ Армения аумағында атып түсірілгенін сылтау ғып Ресей гибридті соғысты бастап жіберуі әбден ықтимал еді. Ондай жағдайда Түркияның да қарап қалмасы анық. Сөйтіп Қап тауындағы ұрыстың халықаралық соғысқа ұласу қаупі туды. Қалыптасқан жағдайды Кремль геосаяси мүддесіне пайдаланып қалуға жанталасты. Қап тауындағы Ресейдің «ұлттық мүддесі мен қауіпсіздігін қорғауға» сылтау табылды. Ақырында ресейлік пропагандистер айтып жүрген ресейлік бітімгерлік күштері Таулы Қарабақта орналасатын болды. Штаб-пәтерінің мойындалмаған республиканың астанасы саналатын Степанакертте (әзірбайжандар Ханкенді деп атайды) орналасуының өзі Ресейдің армян тарабына бүйрегі бұратынынан хабар береді.
Әзірбайжанның осы жолы Таулы Қарабақты түбегейлі азат етуіне осылайша орыстың құлаған тікұшағы кедергі келтірді. Бәлкім, бұл кездейсоқ фактор да шығар, дегенмен жүйкесі жұқарған әзірбайжан жауынгерінің қателігі Әзірбайжан әскерінің Ханкендіні алу операциясын уақытша тоқтатуға мәжбүр етті.