27 августа 2025 г. 8:46

Тарих жасаған Темірлан. «Селтикті» сан соқтырған қаһарман кім?

Фото: arena.olimpbet.kz

Кеше түнде Алматының «Қайраты» Шотландияның атынан ат үркетін атақты командасы «Селтикті» Еуропаның бас турнирі Чемпиондар лигасының топтық кезеңінен шығарып тастады.

Алматыдағы стадионда «Қайрат» пен «Селтик» негізгі 90 минутта да, қосымша 30 минутта да бірін-бірі ала алмай, жүз жиырма минут бойы қиқаласты. Мәселе пенальтиде шешілді. Міне, осы пенальти сериясында қаһарманды көрдік. Қақпашымыз Темірлан Анарбеков бір емес үш бірдей пенальтиді қайтарып, «Қайратты» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шықты.

Темірлан Анарбекұлы Анарбековтің жасы 22-де, 2003 жылы 14 қазанда Атырау қаласында туған.Темірланның футболдағы мәнсабы 2020 жылы «Қайрат» футбол клубында басталған. Сол жылы Қазақстан Премьер-лигасында «Таразбен» ойынның 46-минутында қақпашы Дінмұхамед Жомартты алмастырған. 2021 жылы Қазақстанның 19 жасқа дейінгілер құрамасы сапында Чехияға қарсы ойында қақпаны күзеткен.

2022 жылы Қазақстанның бірінші лигасында ойнайтын «Қайрат-Жастар» командасаның капитаны болды. Ал былтыр «Қайраттың» негізгі құрамына кірген.  

Т.Анарбековтің бойы – 1,89 см, салмағы – 83 келі.

Transfermarkt дерегінше, Темірланның  тренсферлік құны көп емес – 200 мың еуро екен. Түндегі ойыннан кейін «Қайраттың» қақпашысына бүкіл Еуропа көз тіккені анық және алдағы уақытта Темірланның трансферлік құны еселеп артуы мүмкін екенін ешкім жоққа шағара алмайды.

Фото: ғаламтордан

Темірлан кеше түнде тарих жасады! «Селтиктің» үш бірдей марқасқасы Адам Айданың, Люк Макоуэннің және Дайдзен Маэданың соққысын қайтарып, «Қайратты» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шықты!

Алатаудың бөктерін Чемпиондар лигасының гимні әлі тербеп тұр. Оған себепкер қаһарман – «Қайрат» пен Темірлан Анарбеков!