11 ноября 2025 г. 10:35

Талғардағы атышулы іс: Хасан Қасымбаевқа сот үкімі шықты

Фото: NEGE

Бүгін Талғарда атышулы резонансты іске нүкте қойылды. Алматы облысы Талғар аудандық сотында Х.Қасымбаев пен осы іске қатысы бар делінген 5 айыпталушыға сот үкімі шықты.

Сот үкімі оқылмас бұрын Х.Қасымбаевтың жақындары бұған дейін процеске қатыспаған журналистердің сот залынан шығуын талап етті. Нәтижесінде БАҚ өкілдері залдан шығарылды. 

Судья Айнагүл Тукубаева сот үкімін оқып, Хасан Қасымбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігі (адам ұрлау), 106-бабы 2-бөлігі (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) және 194-бабы 2-бөлігі (қорқытып алу) бойынша айып тағылып отыр.

Сонымен қатар қалған 5 сотталушы: Руслан Әлиев – 8 жылға, Мадияр Қалымжанов – 9 жыл 6 ай, Сайлау Ақтанов – 8 жыл 6 ай, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков – 22 жылға, Данияр Асқаров – 8 жылға сотталды.

Іс екі эпизод бойынша тергелді. Бірінші жәбірленуші Арман Әлімов соттан айыпталушыларды қатаң жазаға тартуды сұрап, жарыссөздегі сөзін қысқа қайырды. Екінші жәбірленуші Аюпжан Тәжиев айыпталушы Х.Қасымбаевқа ешқандай талабы жоқ екенін және оған кешірім бергенін мәлімдеді.

Бұған дейін сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаев Қасымбаевқа 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын. Өзге сотталушыларға 9-20 жыл аралығында үкім кесуді сұраған. Сондай-ақ прокурор айыпталушылардан жәбірленуші тарапқа бес миллион теңге моральдық өтемақы өндіруді ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жектен жаттықтырушы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген. Сонымен қатар оған 2016 жылы Аюпжан Тәжиевке қатысты оқиға бойынша айып тағылған.