Талғарда қылмыстық істі тоқтату үшін тегін демалмақ болған екі полицей ұсталды

2 қыркүйекте ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері облыстық полицейлермен бірлесіп, Талғар аудандық полиция басқармасының екі қызметкерін ұстады.

gov.kz

Астана, NEGE. Бұл жөніндегі ақпарат журналист Михаил Козачковтың Telegram-дағы арнасында жарияланды.

Тергеу мәліметінше, 31 шілдеде А. есімді азамат құқық қорғау органдарына полиция қызметкерлерінің демалыс орнында тегін қызмет көрсетуді талап еткеніне қатысты шағымданған. Атап айтқанда, олар кіру билеттерін, мейрамхана қызметін тегін тұтынып, демалыс үйлерін тегін беруді сұраған. Бұл қызметтерді полицейлер демалыс кешені аумағында клиенттің жарақат алуына байланысты қозғалған қылмыстық істі тоқтату үшін сыйақы ретінде талап еткені айтылады.

Алайда аталған қылмыстық іс расымен тіркелгенімен, 27 шілдеде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылғаны анықталды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерінің жұмыс орындарында тінту жүргізіліп жатыр, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.