Талғарда 20 жастағы жігіттің өліміне күдіктілер ұсталды

Қанды оқиға 12 сәуірде Талғар ауданы Гүлдала ауылында болған.

threads.com/sheripzhaaaan

Астана, NEGE. Марқұмның туыстарының мәлімдеуінше, 20 жастағы Әнуар Мұсаев есімді жігітке оннан астам адамнан тұратын топ шабуыл жасаған. Пышақ жарақатын алған Әнуар оқиға орнында жан тапсырған.

«Бұл – кездейсоқ кикілжің емес, алдын ала ойластырылған топтық шабуыл. Оны қоршап алып, өзін қорғауға мүмкіндік бермеген. ...Оның үстіне, отбасымызға қысым көрсетілуде. Бізді "татуласу" туралы құжатқа қол қоюға және талап-арыздан бас тартуға мәжбүрлеуде. Бұл – жауапкершіліктен жалтару әрекеті», – деп жазды марқұмның туысы Threads желісінде.

Туыстары оқиғаның бейне дәлелі және отыздан астам куәгер бар екенін айтып, құқық қорғау органдарынан қылмысқа қатысы бар адамдардың барлығын ұстап, әділ жаза беруін және отбасын қысымнан қорғауды сұрайды.

Алматы облысының полициясы бұл факт бойынша төрт күдікті ұсталғанын және «кісі өлтіру» мен «бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық істер қозғалғанын хабарлады.

«Уақтылы жіберілген бағыттамалардың арқасында 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды.

 

Сонымен қатар бұзақылық фактісі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамалды. Олардың екеуіне қатысты сот шешімімен "үйқамаққа алу" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Кәмелет жасына толмағанға қатысты қылмыстық қудалау органы "қоғамнан оқшауламау" бұлтартпау шарасын қолданды», – делінген полиция хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, оқиғаға куә болған барлық адам анықталып, олардан қылмыстық іс аясында жауап алынған.

Полиция қызметі қазіргі уақытта барлық тараптың дәлелдері мұқият тексеріліп жатқанын және тергеу барысы Алматы облыстық полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында екенін атап өтті.

Қазір оқып жатыр

Қызметкерін зорлады деп айыпталған Әмір Шайкежанов 5 жылға сотталды

Мәслихат өз отырыстарын міндетті түрде онлайн көрсету керек

Коллекторлар миллиардтаған теңге бюджет қаражатын жасырып қалған

Тоқаев: «БҰҰ Жарғысы тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес»