Талдықорғанда есірткі таратумен айналысқан жасөспірімдер ұсталды
Талдықорғанда есірткі таратумен айналысқан жасөспірімдер ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Талдықорған қаласының полициясына тұрғын үйлердің бірінің жанында күдікті адамдардың жүргені туралы хабарлама түскен. Азаматтар құқық қорғау органдарынан тексеруді сұраған. Оқиға орнына жедел түрде патрульдік полиция жасағы барып, Ескелді ауданынан келген 17 және 18 жастағы екі жасөспірімді ұстаған.
Тексеру барысында олардың Талдықорған аумағында есірткі таратумен айналысқаны анықталды.
Жеке тінту кезінде күдіктілердің бірінен ақ түсті ұнтақ тәріздес заты бар екі зип-пакет табылып, тәркіленді. Оның айтуынша, бұл – мефедрон есірткісі. Ал екінші күдіктіден осындай зат салынған 95 зип-пакет тәркіленді.
Тергеу барысында жасөспірімдер тыйым салынған заттарды жасырған орындарын көрсетті. Полицейлер қосымша 21 зип-пакет тауып, тәркілеген. Жалпы, 116 орам есірткі заттары тәркіленді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Екі күдікті қамауға алынды.