Светлана Жолмановаға қатысты тағы бір үкім шықты
Алматы қаласында Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясы Светлана Жолмановаға қатысты тағы бір үкім шықты.
Астана, NEGE. Бұл туралы адвокат Радмир Өтепов Nege.kz сайтына хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, 2026 жылғы 11 ақпанда Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы Жолмановаға қатысты үкім шығарған.
Сот үкіміне сәйкес, Светлана Жолманова Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, бұрынғы үкіммен тағайындалған қатаңырақ жазаны негізге ала отырып, Жолмановаға түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жазасын ол орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Яғни, жаңа үкім бойынша 8 жыл жаза тағайындалғанымен, бұл оның түпкілікті жаза мерзімін өзгертпеді.
Еске салсақ, өткен жылдың 19 маусымында ол аса ірі мөлшердегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Тергеу деректеріне сәйкес, Жолманова 2021 жылдан 2024 жылға дейін азаматтарға жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға көмектесемін деп уәде беріп, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы миллиондаған теңгені иемденген.
Зардап шеккендердің арасында оның достары, көршілері мен таныстары да бар.