9 Қаңтар 12:38
...

10 жылға сотталған экс-судья тағы да сот алдында жауап береді

Facebook/Светлана Жоламанова
Фото: Facebook/Светлана Жоламанова

Алматы қаласында Медеу аудандық сотының он жылға сотталған бұрынғы судьясы Светлана Жолманованың ісі бойынша қазір қосымша сот процесі жүріп жатыр.

Астана, NEGE. Бұл туралы адвокат Радмир Утепов Nege.kz-ке хабарлады. Алаяқтық бабы бойынша істі Медеу аудандық №2 соты қарап жатыр.

«Жолмановаға қатысты іс бойынша өзге де жәбірленушілердің арыздары қаралып жатыр. Сот жарыссөзі әлі өтпеді», – деп мәлімдеді Утепов.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын. Тінту кезінде судьяның кабинетінен 10 мың доллар табылды.  

2024 жылғы 9 қазанда экс-судьяның ұсталғаны туралы ақпарат тарады.

Ал өткен жылы 19 маусымда ол Қылмыстық кодексінің аса ірі мөлшердегі алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жолманова 2021 жылдан бастап 2024 жылға дейін жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесу сылтауымен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы азаматтардың миллиондаған теңгесін қолды қылған. Зардап шеккендердің арасында оның достары, көршілері, таныстары мен әріптестері бар.