Сотта Шерзаттың қаза тапқаннан кейінгі дене жарақаттары көрсетілді
Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Бүгінгі сот отырысында Шерзат Полаттың өліміне күдікті деп танылған басты айыпталушы Шынасыл Абзалдан жауап алынды. Сотталушы Шынасыл Абзал жауап беру кезінде өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын жеткізді.
Ол Шерзат Полатқа пышақ сұққанын мойындамады, соынмен қатар марқұм Шерзаттың анасының айтқандарын жоққа шығарды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев сотта Шерзат Полаттың қаза тапқаннан кейінгі фотосын көрсетіп, сотталушы Абзал Шынасылдан жәбірленушінің дене жарқаттарына қатысты сұрақ қойды.
Адвокат: Алдыңғы сот отырысында Гүлбара Бишімбиева менің баламның бетінде және саусақтарының арасында жене жарақаттары болды деді. Мына дене жарақаттарға қатысты не айта аласыз?
Абзал Шынасыл: Білмеймін...
Адвокат: Сіз білмейсіз?
Абзал Шынасыл: Шерзатқа менің қолым тиген жоқ. Шерзат мені ұрған жоқ.
Адвокат: Сіздер Шота Руставелли көшесімен жүгіріп бара жатсыздар, екі баланың жатқанын көрдіңіздер. Сол кезде сіздердің қастарыңызда Шерзаттың шақырған балалары болды ма?
Абзал Шынасыл: Оған жауап бердім ғой. Мен нақты түрлерін білмеймін. Беттестіруге келгенде мен оларды танымадым, мен оларды ұрмадым. Кетіп бара жатқанда алыстан ғана көрдім.
Адвокат: Сұрақты басқаша қояйыншы, сіздер сол екі жігітке бағыттап бара жатқан кезде қазіргі күдіктілерден басқа адамдар болды ма?
Абзал Шынасыл: Білмеймін.
Адвокат: Сіздер жүгіріп бара жатқан кезде, Бишімбиева Гүльбара «баламды ұрмашы» деп сіздермен қатарласа жүгіріп, кедергі келтірді ме?
Абзал Шынасыл: Мен бағана айттым ғой, ол кісіні соңында ғана көрдім. Ол кісі ондай сөз айтқан жоқ. Мен оның қолынан да ұстамадым, үлкен кісіні итерген де жоқпын, Қаржаубай мырзаны да көрмедім.
Адвокат: Жоқ, мен дүкеннің қасындағыны айтып отырған жоқпын. Оны бейнежазбадан да көріп жатырмыз. Сіздерге әйел адам жүгіріп барып, баласын қорғаштап кедергі келтіріп жатыр. Соны көрдіңіз бе?
Абзал Шынасыл: Иә, көрдім. Айқайлап жатқан даусын естідім.
Адвокат: Неге тоқтамадыңыздар?
Абзал Шынасыл: Мен ол кезде Нұрғанатты ұрып жатқанмын.
Адвокат: Сіз Белғожаев Шыңғыс екеуіңіз сөйлескен екенсіз, мән-жайды білесіз. Белғожаев ол жерде екі адамның жатқанын көрді ме?
Абзал Шынасыл: Мен оны білмеймін.