21 Мамыр 10:59
...

Басты айыпталушы Шынасыл Абзал Шерзат Полатқа пышақ сұққанын мойындамады

Шынасыл Абзал
Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Бүгінгі сот отырысында Шерзат Полаттың өліміне күдікті деп танылған басты айыпталушы Шынасыл Абзалдан жауап алынып жатыр. Ол өзін камераға түсіруге рұқсат берді. 

Шынасыл Абзал жауап беру кезінде өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын жеткізді.

«2024 жылдың 3 қазанында үйде болғанмын. Кешкі сағат 19.00 шамасында досым Ілиясов Нұрқиясқа қоңырау шалдым. Қоңырау шалған кезе Ілиясов Нұрқияс пен  Сакиев Равиль екеуі «Эйфория» кафесінде отырғанын айтты. 15-20 минутта мен сол ресторанға жеттім. Үйіме жақын болғандықтан жаяу бардым. Үшеуміз отырдық, сосын сыртқа шыққанымызда Жақсыгелді Дана мен Нұрбекова Эльмира келді. Сөйтіп, бесеуміз келіп, іште отырғанымызда шамалы уақыттан кейін Белғожаев Шыңғыс пен Тоқтаубаев Азамат келіп қосылды. Артынан кейін Тоқтаубаев Нұрбол мен Ысқақ Думан келді. Бәріміз үстел басында отырған кезде Тоқтаубаев Нұрболдың ұялы телефонына біреу қоңырау шалды. Сөйлесіп жатқанда Дархан деген атты естіп қалдым. Мен аса мән бермедім. Нұрбол уайымдап, дос баламды ұрып кетті деді. Біріміз мән бермей, би алаңына кетіп қалдық. Би алаңынан қайтып келгенде Нұрболдың үстел басында жоқ екенін байқадым. Біз сол жерде біраз отырдық. Түнгі 12.00 шамасында кафенің басшылығы жабылатынын ескертті. Сол кезде Тоқтаубаев Азамат пен Белқожаев Шыңғыстың жоқ екенін байқадық. Сосын Тоқтаубаев Азамат менің ұялы телефоныма қоңырау шалып: «Абазал, ағам мен досын Менделеев көшесіндегі дүкенде бір балалар ұрып кетіпті. Барып алып келейікші», деді. Біз өзіміз де кафеден шығып бара жатқанбыз. Сыртта Шыңғысқа тиесілі Mersedes автокөлігінде Тоқтаубаев Азамат пен Белғожаев Шыңғыс тұр екен. Бәрі көлікке отырып кетті. Сыймай сол жерде қалып қалдым. Қалып, ресторан ішіне кірдім. Сол жерде Әшірбаев Талғат деген танысымды көрдім. Одан не істеп жүрсің деп сұрағанымда, алда тойы бар екенін, сол үшін осы жерге сөйлесуге келгенін айтты. Мен одан бос болса, Менделеев көшесіне апарып тастауын сұрадым. Ол бірден келісті, біз сол жерге бардық. Бара жатқан кезде Менделеев көшесінің бұрылысына жақындаған кезде Жақсыгелді Дана менің  WhatsApp мессенджеріме: «Мына жақта төбелес басталып кетті. Қайдасың?», деп жазды. Мен келе жатқанымды айттым. Сосын мен Талғатқа мына жақта біздің балалар төбелесіп жатыр екен, мені сол жерден тастап кетші дедім. Дүкенді таппай келе жаттық, сосын топ адамның шуылдап, төбелесіп жатқанын байқадым. Бірден көлікті тоқтатқызып, сол жерден түсіп қалдым.

Арасына кіріп кеткен кезде ұзын бойлы, сақалды жігіт маған қарай жүгірді. Яғни, Ғайыпбаев Нұрғанат еді. Жүгіріп келгенде оң қолыммен ұрдым. Ұрған кезде ол ары «Береке» деген дүкенге қарай жүгіріп кетті. Ол жерде қараңғыда көлік тұрған. Қараңғы болғандықтан, маркасын анықтап қарамадым. Сол жерге қарай багажына жүгіріп, мылтығын алып шықты. Оны оқтап аспанға «Стоять» деп оқ атты. Мен сол орнымда қатып қалдым. Сол жағымда Ілиясов Нұрқияс тұрды, ар жағымдағы балалар жоғары, бер жақтағы балалар артқа қарай қашып кетті. Қозғалмай орнымда тұрып қалдым. Оқтап, бізге қарай 5-6 метр жақындады. Көздеп тұрғанда: «Таста мылтығыңды, сөйлесейік», дедім. Ол атамын деді, мен атсаң ат деп айқайладым. Ол атып жіберді, сол құлақ тұстан оқ өткенін сезіп, отырып қалдым. Құлағым шыңылдап кетті. Үшінші рет мылтықты оқтап жатқан кезде біздің арамыздан бір бала мылтығына қарай жүгірді. Оның қолынан қаруды тартып алмақшы болды, ол қаруды берген жоқ. Баланы шалып құлатып жіберді де өзі Шота Руставелли көшесімен жоғары қарай кетті. Алдындағы бала жүгіріп бара жатты. Артынан мен де атып жібермесін деп көшенің қараңғы жағын жағалап, тығылып бардым. Барған кезде қасындағы Шерзат Полат жерге құлады. Оның неден құлағанын мен білмеймін, шалынып құлаған шығар деп ойладым. Сол кезде ол отырды, жедел жәрдем шақырып айғайлап жатқан кезде барып тептім, ұрдым. Сол сәтте арқамнан біреу тартты. Қарасам, танымайтын Әскентай Дархан екен. Оны танымағандықтан екі рет ұрып жібердім. Мен Нұрғанат Ғайыпбаевты қашып кетті деп ойласам, сүйреп алып кеткен екен. Оны жазбадан көрдім. Бардым, ол ет бетімен жатты, шалбары жартылай ашық жатыр екен. Сосын төс қалтамдағы пышақты алдым да жамбасына үш рет сұқтым. 

Бәрі кеттік деп жатқан кезде автокөлікке отырдық. Көлікке бәрі отырып алған, соңғы мен қалып қалған сияқтымын. Алдында Тоқтаубаев Азамат отыр екен, қасына отырған кезде мылтықты көрдім. Азамат екеуміз алдына қыстырылысып отырдық. Сонымен, «777» дүкеніне бардық. Қыздар дүкенге кіріп кетті, мен саусақ іздері қалмасын деген мақсатта пышағымды сүрттім. Жақсыгелді Данаға Dizzy сусынын құйып беріп тұршы дедім. Дана Dizzy құйды, мен сүрттім. Ары қарай Биатлон жаққа қарай бет алдық. Барар кезде мен Гольф маркалы көлікке отырдым. Гольфта Тоқтаубаев Азамат, Тоқтаубаев Нұрбол, Әскентай Дархан, Ысқақ Думан болды. Сол кезде мен Әскентай Дарханды танымадым. Одан: «Кім боласың? Мынау не болып кетті?», деп сұрадым. Ысқақ Думанға ауыл сыртында үйіңнен қалып қал дедім. Ол көліктен түсіп, үйіне қарай кетті. Тоқтаубаев Нұрбол өзі рөлге отырып, жоғары қарай жүрдік. Сол жерде топ болып сөйлесіп тұрдық.

Сакиев Равильге және Белқожаев Шыңғысқа (нақты есімде жоқ) бір жігітке үш рет пышақ тығып алдым деп айттым. Пышағымды алып, ар жаққа лақтырдым. Оны көзілдіріктің қапшығына салып қойған болатынмын. Қапшықты бір бөлек, пышақты бір бөлек тастадым. Ана жерде шу болып кетті. Бір баланың қайтыс болғанын айтты. Басында қорқытып, қалжыңдап жатқан шығар деп ойладым.

Бәріміз Талғарға қарай түсетін болдық. Сол сәтте артымыздағы көліктер қалып қалды. Жолда 15 минуттай күтіп тұрдық. Біраз тұрғаннан кейін айналып баратын болып шештік, айналып барған кезде белгісіз автокөлік тоқтап, не болғанын сұрады. Оны танымадым, жауап берген жоқпын. Ол кетіп қалды. Сол жерден бәріміз бірге төмен қарай түстік. Қайтып бара жатқан кезде Шыңғысқа тиесілі Mersedes 140 автокөлігіне отырдым. Қарсы бетте патрульдердің Нива автокөлігі шықты. Ол айналып келіп, артымыздан бұрылды. Сол жерде неге келе жатыр екен деген оймен өзіміз тоқтап, өзім барып полиция қызметкерлерімен сөйлескен болатынмын. Олар Mersedes автокөлігін іздеп жүргенін айтып, күте тұруымызды бұйырды. Біз келісіп, күттік. Сосын Талғар қаласы полиция басқармасының Камри маркалы көлігі келді. Ілиясов Нұрқияс екеумізді сол жерден алып кетті. Полиция бөлімшесіне бардық, артымыздан қалғандары келді», – деді Шынасыл Абзал сотта берген жауабында. 

Шынасыл Абзалдың айтуынша, сол күні өзімен бірге пышақ алып жүруіне сол оқиғадан бұрын өзіне белгісіз адамдардың шабуыл жасағаны себеп болған.

«Құрметті сот, сол жағдайдан үш күн бұрын Талғар қаласында орналасқан «Арман» жанармай құю бекетінде белгісіз үш азамат маған қастандық жасаған болатын. Ұрып, көзіме ащы бұрыш сеуіп кеткен. Сол арадан құтылып, қашып кеткенмін. Үйден шыққан сәтте аяқ киім киіп жатып, ас пышағының жатқанын көріп, қалтама салып алды. Маған шабуыл жасаған жігіттер Талғар кішкентай болғаннан кейін «Эйфория» кафесінде жүруі мүмкін деп салып алғанмын. Пышақты қорғану мақсатында алдым. Мен екі қыз келмей тұрып, Ілиясов Нұрқиясқа үйден осындай пышақ алып шықтым деп көрсеткен болатынмын. Ол себебін сұрағанда, болған жағдайды айтып бердім», – деді айыпталушы. 

Шынасыл Абзал өзінде пышақ болғандықтан Шерзаттың өлімін өз мойнына алған. Айтуынша, оның тергеу кезінде берген жауаптары құрастырылған. Ал Шерзатқа кімнің пышақ сұққаны белгісіз. Шынасыл Абзал мен келгенге дейін болған жағдай деп отыр. 

«Мойныма алған себебім, бізге Талғар қаласындағы полиция басқармасында тергеушілер: «Оны бір адам істеді. Бр адам мойнына алмаса, бәріңе қиын болады. Топпен кетесіңдер», – деді. Сонымен бізді Қонаев қаласына алып кетеді. Алып келе жатқан кезде газельдің ішінде Сакиев Равиль, Белғожаев Шыңғыс, Тоқтаубаев Азамат төртеуміз болдық, сөйлестік.  Сол кезде Сакиев Равиль: «Мынаны бір адам мойындасын, мойындамаса бәрімізге қиын болады», – деді. Менде пышақ болған соң, өзімді қылмыс жасап, жасырғандай болмайын деген оймен «алсам, мен ала салайын» деп іштей ойландым. Қонаевқа уақытша ұстау изоляторына келген кезде бәріміздің басымыз қосылды, сөйлесіп үлгердік. Сөйлескен кезде Тоқтаубаев Нұрбол «Абзал, сенде пышақ болды ғой» деді. Сол кезде мен көп ойланбадым, мен Шерзатты мойныма аламын дедім. Нұрғанаттың жамбасына тыққан пышақты Шыңғыс мойнына алатын болып шештік. Солай келістік. Бізді Қонаев қаласындағы полиция департаментіне алып кетті. Сол жерде келіскеніміз бойынша солай айттық», – деді Шынасыл Абзал. 

Ол Нұрғанат Ғайыпбаевқа пышақ сұққан кезде оның мылтық атқанына ашулы болған. Шынасыл Абзал Нұрғанат Ғайыпбаевтан басқа жәбірленушілердің ешбіріне дене жарақатын келтірмегенін айтты.