Сотта Шерзат Полатқа айыпталушылардың соққы жасап жатқан видеосы көрсетілді
Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.
Алматы, NEGE. Сот отырысы судья Ержан Жанұзақовтың ескертуімен басталды.
Судьяның айтуынша, әлеуметтік желіде блогерлер мен сотқа қатысы жоқ өзге де азаматтар өздерінің жеке пікірлерін білдіріп, тергеу әрекеттері мен сот барысына субъективті баға беріп жатыр. Ол Қазақстан Конституциясына сәйкес, елде сот төрелігін тек сот жүзеге асыратынын, ал оған қандай да бір қысым көрсетуге немесе араласуға жол берілмейтінін еске салды.
- Тақырыпқа орай: Шерзаттың соты: Адвокат қорғауындағы Дархан Әскентайдың суреті желіде тарап кеткеніне шағымданды
Ары қарай сот отырысында «Қамажай» дүкенінің ішінде бейнебақылау камерасына түсірілген видео мен дүкен маңында Шерзат Полатқа айыпталушылардың соққы жасап жатқан видеосы көрсетілді.
Кадрларда жерде отырған жәбірленушіні (Шерзат) және оның жанында әйел адамды (анасы) байқауға болады. Олардың жанына Нұрқанат Ғайыпбаев жақындайды. Одан кейін жәбірленушіге айыпталушылар келеді де, оны соққыға жыға бастайды. Шерзаттың анасы мен Нұрғанат Ғайыпбаевтың көмек сұрап айқайлаған дауысы естіледі.