21 мая 2025 г. 14:43

«Сондай жағдай болып қалды» – Сотталушы Дидар Қалиахмет Шерзаттың отбасынан кешірім сұрады

Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Бүгінгі сот отырысында басты айыпталушы Шынасыл Абзалдан жауап алу аяқталды. 

Ол Шерзат Полатқа пышақ сұққанын мойындамады, сонымен қатар марқұм Шерзаттың анасының айтқандарын жоққа шығарды.

Ендігі кезекте сотталушылардың бірі Дидар Қалиахметтен жауап алу басталды. Дидар Қалиахметке 293-баптың 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша айып тағылған.  

«Мен Қалиахмет Дидар Еркінұлы, біріншіден, Қаржаубай ағадан және оның отбасынан кешірім сұраймын. Қаза қайырлы болсын! Сондай жағдай болып қалды. Сол күні, қазанның 3-нен 4-не қараған түні кешкі 18.00-19.00 кезінде маған ағам Самат хабарласты. Моншаға барып келейік деді. Мен келістім. Самат Абдықадыр келіп, мені алып кетті. Сосын біз монша іздедік, таппадық. OLX-тен Шота Руставелли көшесінің жанынан бір монша таптым. Біз сол моншамен келістік. Олар сағат 22.00-де босайды деді. Біз сол уақытта бардық, моншаға кірдік. Моншаны екі сағатқа алғанбыз. Түнгі 12.00 болған кезде ініміз Мұратов Дәулет бізді алып кетуге келді. Сонымен біз Самат екеуміз, моншаны тағы жарты сағатқа ұзарттық. Дәулет ініміз де бізбен бірге отырды. Түнгі 12.30-да моншадан шығып, қызыл Elentra маркалы көлікке міндік. Моншаның жанында қуыс көше бар екен, сол арқылы Шота Руставелли көшесіне шықтық. Менделеев көшесіне жетпей, оң жақта «Қамажай» дүкені, сол жағында «Береке» дүкені тұрды. Сонымен, «Қамажай» дүкенінің алдына келіп, тоқтадық.

Дүкеннің алдында 8-9 бала тұрды. Көліктен мен бірінші түстім, балалармен амандастық. Қолдарын ұсынып тұрғаннан кейін амандаспай өтіп кетпейсің ғой. Мен ары өтіп бара жатыр едім, ағам Абдықадыр Саматты марқұм Ғайыпбаев Нұрғанат ұстап қалды. «Төбелеске келдіңдер ме?» дегендей болды. Абдықадыр Самат Нұрғанатқа: «Мен шалмын ғой», деді. Мен дүкенге кіріп бара жатып, Ғайыпбаев Нұрғанаттың қасына келдім. Нұрғанат: «Шалға ұқсамайсыңдар ғой, қай жылғысың?», деді. Абдықадыр Самат «сен қай жылғысың?» деп сұрады. Ол 95 жылғы екенін айтты. Самат тұрды да «сенен кішкентай екенмін ғой, 97 жылғымын», деп біз дүкенге кіріп кеттік. Дүкен ішінде ешкім жоқ екен. Мен тоңазытқыштан екі шөлмек сыра алдым да кассаға қойдым. Кассада ешкім жоқ, ол кісіні шақырайын деп шығып келе жатқан кезде маған таныс емес екі қыз кірді. Артынан Азамат деген бала кірді. Азаматқа амандастым. Есікті ашып, кассада кім тұратынын сұрағанда Қаржаубай аға кірді. Ол кассаға келді. Оған Абдықадыр Самат ақша берді. Сосын далада шу болып кетті, боқтаған дауыстар шықты. Содан Қаржаубай бәрімізді дүкеннен шығарып жіберді. Бәріміз шығып кеттік, артыма қараған кезде Қаржаубай ағаның қолынан жүзі ұзын пышақ көрдім. Өзімді қорғау мақсатында Қаржаубай ағаның қолынан ұстадым. Қасымда балалар да тұрды. Олар да «қой!» деп айтып жатты. Мен оң қолынан білегінен ұстадым, ол кісі қолын көтерді, мен де көтердім.

Сол кезде менің капюшонымнан Шыңғыс деген бала тартты. Сол кезде Азамат келіп, менің дүкенге келген бала екенімді айтады. Мен олардың атын осы жаққа келіп білдім. Інім Мұратов Дәулет көліктің рөлінде отырады, артымызға Мерседес кабан автокөлігін қойып қойған екен. Сосын Абдықадыр Самат екеуі көлікті шығарып жатады. Мен көлікке отырайын деп жатқанда Нұрқиясты көріп қалдым. Оған амандасып, көлікке отырып жүріп кеттім. Сол сәтте мылтықтың атылған даусын естідім. Мен көлікті тоқтаттым. Самат пен Дәулетке: «отыра беріңдер, мен көріп келемін» дедім. Шота Руставелли көшесін көтерілдім, ар жақта балалар төбелесіп жатты. Сол жерге 3-4 метр жетпей, өзіме бала-шағаң бар ғой, бұл жерде нең бар деп артқа қарай көлікке кетіп қалдым. Көлікке отырып, Абдықадыр Саматтың үйіне бардық. Артынан жұбайым келед, мені және інімді әйелімен төртеумізді алып кетеді. Үйге қайттық», – деді Дидар Қалиахмет.