«Соларды біраз қинайық»: Жәнібек Әлімханұлы жаңа салмаққа ауысты

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы енді суперорта салмақта өнер көрсетеді. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді. 

instagram.com/janibek_alimkhanuly

Астана, NEGE. Кәсіпқой боксшы (17 жеңіс, 0 жеңіліс, 12 нокаут) жазбасында орта салмақтағы жолын қорытындылап, осы дивизионда екі бірдей әлем чемпионы атағын жеңіп алғанын, Қазақстанның көк туын әлемдік аренада желбіреткенін атап өтті.

«Орта салмақты біраз шулатып, екі бірдей әлем чемпионы титулын иелендік! Qazaq Style-ды осы салмақта әлемдік аренаға алып шықтық. Орта салмақ боксшыларының түнгі қорқынышы атандық. Осы салмақта әнұран шырқатып, көк ту желбіреттік», – деп жазды ол.

Әлімханұлының айтуынша, енді ол суперорта салмақта бақ сынамақ. Бұл шешім АҚШ-тағы жаттықтырушылар құрамымен, промоутерімен және менеджерімен ақылдаса отырып қабылданған.

«Енді осы ісімізді суперорта салмақта жалғастырамыз! Осы салмақта біраз атақты боксшылар бар. Бұрын менің салмағымда болғандар қазір осы суперорта салмақта өнер көрсетіп, чемпион атануда. Соларды біраз қинайық», – деді Әлімханұлы.

Қазақстандық спортшы бұл қадамға біраз уақыттан бері дайындалып жүрген. Бұған дейін ол әлеуметтік желіде суперорта салмақтағы мықты қарсыластармен жұдырықтасуға дайын екенін айтып, жаңа салмақта әлем чемпионы атануды басты мақсаттарының бірі ретінде атаған.

Еске салсақ, бұған дейін Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) Жәнібек Әлімханұлын 2025 жылдың 2 желтоқсанынан бастап жарыстардан бір жылға шеттеткен еді. Оған допинг-тестінің мельдонийге оң нәтиже көрсетуі себеп болды. Сондай-ақ ол IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылды.