8 ноября 2025 г. 19:26

«Қазпошта» газет пен журнал жеткізу қызметінен 34,9 млрд теңге шығынға батты

Фото: gov.kz

«Қазпошта» АҚ баспасөз басылымдарына қатысты қызмет ақыларының бірнеше есе өсуіне қатысты сауалға жауап берді. 

Астана, NEGE. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қағаз басылымдарға арналған қызмет ақыларының бірнеше есе өсуі өңірлік және аудандық газеттердің банкрот болуына алып келуі мүмкін екенін айтып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.

Оның сөзінше, 2024 жылдың шілдесінде пошта арқылы мерзімді басылымдарды тарату құны 1000 пайызға дейін қымбаттаған. Бұл өңірлік баспасөз үшін ауыр соққы болып, олардың қаржылық жағдайын күрт нашарлатқан. Бұған қоса, жуырда жазылым қызметі үшін бұрынғы 17 пайыздық мөлшерлеме бірден 41,76 пайызға дейін көтерілген.

Ал «Қазпошта» басшылығы бағаларды өздері бекітпейтінін айтып, жауапкершілікті уәкілетті органға жүктеді.

«Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін жазылым бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын (газеттер/журналдар) тарату қызметтеріне арналған бағалардың шекті деңгейін уәкілетті орган бекітеді», – деп түсіндірді компания өкілдері.

Бапи сонымен қатар, «Көптеген өңірлерде газеттер мен журналдар оқырманға уақытылы жетпейді. Бұл үшін министрлік неге «Қазпоштадан» нақты талап етпейді?» деп сұрады.

Компания басшысы Бекежан Жәкеевтің айтуынша, баспа өнімдері ауылдарға аптасына кемінде екі рет жеткізіледі. Қазір республика бойынша күніне 160 мыңнан астам газет пен журнал таратылады. Дегенмен, қызмет көрсету барысында компания үлкен шығынға ұшырап отыр:

  • 2021 жылы – 7,2 млрд теңге,
  • 2022 жылы – 8,7 млрд теңге,
  • 2023 жылы – 8,6 млрд теңге,
  • ал 2024 жылы – 10,4 млрд теңге.

Бұл шығындар пошта бөлімшелерін ұстап тұру, көлік пен инфрақұрылымды пайдалану, байланыс және коммуналдық қызметтер үшін төлем, сондай-ақ қызметкерлердің еңбекақысын қамтиды.

Жәкеевтің айтуынша, бұл шығындарды «Қазпошта» басқа қызмет түрлерінен түскен табыспен өтеп отыр, сондықтан компанияның жалпы қызметі бойынша теріс қаржылық нәтиже қалыптасқан.