9 февраля 2026 г. 16:30

Отбасы банк баспана кезегі бойынша бірнеше маңызды шешім қабылдады

Фото: freepik.com

Отбасы банк өкілдері түрлі себеппен тұрғын үй кезегінен шығып қалған адамдарға қатысты қандай шаралар қабылданғанын айтты.

Астана, NEGE. Қаржылық ұйымның мәліметінше, өткен жылдың тамызында әкімдіктер банкке 642 мыңнан астам кезекте тұрған адамның деректерін жолдаған.

«Қазан айынан бастап осы базаны кезең-кезеңімен тексеру басталды. Ондағы мақсат – мәліметтерді жаңартып, мемлекеттік қолдауды әділ бөлуге мүмкіндік жасау», – делінген Отбасы банк хабарламасында.

Әкімдіктен алған деректерді талдау барысында бірқатар қателік анықталған. Атап айтқанда, қағаз есептен электрондық есепке өткенде деректердің жоғалуы, мекенжайдың өзгеруі, мүлікте кішкене үлестің болуы, отбасы құрамын тіркеген кезде кеткен қателіктер, сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар – жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар және олардың заңды өкілдерінің жағдайына қатысты мәселелер.

Ең адымен мекенжайын ауыстырғаны үшін кезектен шығып қалған жетім балаларға назар аударылған.

Енді бұл категориядағы адамдар үшін қазіргі тіркеу орны емес, тек кезекке тұрған аймақ есепке алынбақ. Мұндай азаматтар мемлекеттік қолдауды кезекте тұрған аймақта ала алады.

Сондай-ақ бұған дейін біраз адамға тұрғын үйде аз ғана үлесінің болуы жеңілдетілген ипотека немесе жалға берілетін үй алуға кедергі келтіріп келген.

Банк өкілдерінің мәлімдеуінше, 2026 жылдың ақпан айынан бастап үлестің болуы кедергі болмайды. Кезекте тұрғандар үлесі болса да, жалға берілетін тұрғын үй мен жеңілдетілген ипотека ала алады.

Бұрын кімде-кім кредиттік немесе жалға берілетін тұрғын үйден бас тартып, әкімдікпен келісімді бұзса, жүйе оны соңғы 5 жылда тұрғын үйі бар деп есептеп, тіркеу мәртебесін тоқтататын.

«Егер адам шындығында сол тұрғын үйде тұрмаған болса және әкімдікпен келісімді ресми түрде бұзу туралы құжаты болса, ол адам қайтадан кезекке тұрып, мемлекеттік қолдауды ала алады», – дейді банк өкілдері.

Ал кейбір кезекте тұрғандар (жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар) жақын туысы немесе қажетті табысы жоқ болғандықтан, талапқа сай келмеген.

Енді оларға табыссыз да талапты орындауға; қосалқы қарыз алушылар ретінде (кепілгер ретінде) екі адамға дейін тартуға рұқсат берілді. Бұл жағдайда олардың отбасының табысы тексерілмейді.

Бақша шаруашылығында үйі болғандықтан мемлекеттік қолдау ала алмағандар үшін де жағымды жаңалық айтылды.

Енді «бақша шаруашылығы» учаскесіндегі үйі бар адамдар да кезекке тұра алады және мемлекеттік қолдау ала алады.

Кезекке қою кезінде кеткен қателіктерді енді арыз, әкімдік хаты немесе сот шешімі бойынша түзетуге болады.

Бұрын деректерді қолмен енгізу кезінде қамқоршыларды тәрбиеленушілердің орнына немесе балаларды ата-ананың орнына жазып жіберген кездер болған.

Кейбір кезекте тұрғандар жүйеде бейтаныс адамдардың көрсетілгенін байқаған.

«Мұндай адамдар арыз және растайтын құжаттар бойынша отбасы құрамынан шығарылуы мүмкін», – делінген банк түсіндірмесінде.

Сонымен қатар 2022 жылғы әкімшілік реформадан кейін кезекке тұрған аймақ туралы кей деректер ескіргені ескерілген. Енді кезекке тұрған аймақты арыз арқылы түзетуге рұқсат берілді.

Бұған дейін шетел азаматтарымен некеде немесе балалар шет елге кеткен жағдайда жүйедегі деректер дұрыс деп саналмай келген. Енді шетел азаматтары – жұбайлар отбасы құрамынан инвентаризация және тұрғын үйді бөлу кезінде шығарылуы мүмкін.

Бұған қоса енді жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй тек түгендеуден өткен, яғни деректері жаңартылған адамдарға бөлінеді.

«Кезектегі әр жазбаның артында отбасының өмірі, үміті барын түсінеміз. Біздің міндет – әр жағдайды әділ қарастыру. Бұрын жүйеде қателік болса, оны бүгін түзетуіміз керек. Отбасы банк халықтың мұң-мұқтажын естіп отыр, және ел тұрғындарының өмірін нақты жақсартатын шешімдер қабылдауды жалғастырады», – деп атап өтті Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Отбасы банк деректерді жаңарту жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Болашақта арнайы тұрғын үй комиссиясы құрылуы мүмкін.