16 февраля 2026 г. 15:18

Отарда сарбаздың жағын сындырып, оны жасыруға тырысқан

Фото: pixabay.сom

Желіде сарбаздардың бірі Отардағы әскери бөлімшеде ауыр жарақат алғаны туралы ақпарат тарады.

Астана, NEGE. Telegram-дағы «Письма Президенту» арнасының жазуынша, сарбазға ота жасалғанымен, толыққанды ем-дом қамтамасыз етілмеген.

«Кейін туыстары оны пәтерде ұстағанын анықтады, тексеру барысында отаның дұрыс жасалмағаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ол Алматыдағы әскери госпитальде емделіп жатыр», – делінген жазбада.

Әскери полиция басқармасы бұл фактіні растап, әскери қызметшіге күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Оқиға салдарынан бір әскери қызметші жақ сүйегінен жарақат алған. Зардап шегуші Алматы қаласындағы Әскери-клиникалық госпитальде ем қабылдап жатыр. Оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде, денсаулығы әскери дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Материалдар Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай реестрінде тіркелді. Толық тексеру жүргізілуде. Тергеу барысында барлық қатысушының іс-әрекеттеріне, сондай-ақ әскери бөлімшенің жоғары командалық құрамына тәртіпке жатпайтын қарым-қатынастар фактісі туралы уақытында есеп бермеген және медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырған лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, әскери бөлімшенің бірнеше лауазымды тұлғасы қызметтен уақытша шеттетілгені мәлім болды.

«Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Оқиға Қазақстан Қарулы күштері басшылығының ерекше бақылауында», – дейді ведомство өкілдері.

Айта кетейік, бұған дейін Қорғаныс министрлігі әскердегі әлімжеттікке қатысты мәлімдеме жасап, қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылданғанын хабарлаған еді.