Әскердегі сарбаздар өлімі: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
Қорғаныс министрлігі әскердегі сарбаздар өліміне қатысты мәлімдеме жасап, кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Қорғаныс министрлігі алдымен қаза болған сарбаздардың туыстарына көңіл айтқан.
«Жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына шынайы көңіл айтады. Қарулы күштердің басшылығы болған жағдайдың барынша ауыр екенін және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінеді», – делінген хабарламада.
Ведомство барлық оқиға бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданғанын мәлімдеді.
«"Шығыс" өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды», – дейді министрліктегілер.
Бұл ретте қорғаныс министрі – авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасымен қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданған. Атап айтқанда:
Бірінші. Тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілген. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылған.
Екінші. Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілген. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілуде.
Үшінші. Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылған. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталмақ.
Төртінші. Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылған. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да күшейтілген.
Бесінші. Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданған.
Алтыншы. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста болады.
«Қабылданып жатқан барлық шара ең алдымен жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасын табады», – делінген Қорғаныс министрлігі хабарламасына.
Айта кетейік, 27 қаңтар күні Жамбыл облысында қаруды ұстау кезінде алған жарақат салдарынан мерзімді әскери қызметші қаза тапты. Бұл дерек бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Сонымен қатар 23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан «өз-өзіне оқ атқаны» туралы ақпарат тарады. Ол алған ауыр жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмды.