СҚО-да табиғи газ бағасы бір жылда 63 пайызға өскен

2026 жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша тарату желілері арқылы жеткізілетін газдың бағасы өткен жылдың мамырымен салыстырғанда 15%-ға қымбаттаған. Баға өсімі бір жыл бұрын да байқалған.

magnific.com

Астана, NEGE. Energyprom сарапшыларының мәліметінше, биыл газ бағасының ең жоғары өсімі Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Мұнда баға өткен жылдың мамырымен салыстырғанда бірден 63%-ға көтерілген.

Сондай-ақ Атырау облысында баға 43%-ға, Қызылорда облысында 21%-ға өсті. Бірқатар өңірде қымбаттау қарқыны біршама төмен болған.

Бұдан бөлек сарапшылар Қазақстанда табиғи газ өндіру көлемі бірнеше жыл бойы тұрақты өсім көрсеткеннен кейін биыл айтарлықтай қысқарғанын атап өтеді.

Осы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша елде газ тәрізді күйдегі 8 млрд текше метр табиғи газ өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға аз.