18 июля 2025 г. 16:57

СҚО-да құмар ойын ойнаған екі мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылды

Фото: ғаламтордан

Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында екі мемлекеттік қызметші Заң талаптарын бұзып, букмекерлік кеңседе бәс тігіп келген. 

Алматы, NEGE. Бұл туралы облыстық әдеп жөніндегі кеңесте белгілі болды. Ақжар ауданының әкімі Рүстем Елубаевтың айтуынша, құмар ойынын ойнаған Ақжар аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы және осы ауданның Ұялы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы-есепшісі қызметінен босатылды. Мұны жұмыс барысында прокуратура анықтаған.

Бұдан бөлек, 2024 жыл мен 2025 жылдың жарты жылында 35 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде қоғамдық орында қоқыс тастағаны үшін екі қызметкер жазаланған.

«Биыл 20 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 4 ескерту, 10 сөгіс, 2 қатаң сөгіс және бір қызметкер толық сәйкес болмау туралы ескерту алды», - дейді Рүстем Елубаев.

Ауданда қазір кадр жетіспеушілігі өзекті. Әкімдік жыл басынан жұмысқа қабылдау бойынша 24 конкурс ұйымдастырған. 11 мемлекеттік қызметкер жұмыс орнын босатқан.

«Оның ішінде мекежайын ауыстыруға, зейнетке шығуға, басқа қызметке ауысуға байланысты жұмыстан кеткендер бар. Сонымен қатар ротациялаудан бас тартқан аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары да орнын босатты. Мемлекеттік қызметке ешкімнің барғысы келмейді. Ауылдық округ әкімі болу үшін сайлауға түсетін адам жоқ. ТҮКШ, құрылыс бөлімдерінде маман жоқ», - дейді аудан әкімі.