СҚО-да ер адам танысының отбасылық құпиясын таратқаны үшін 4 жылға сотталды
Істі Айыртау аудандық соты қарады.
Алматы, NEGE. Л.-ға адамның конституциялық құқығы мен бостандығына қарсы қылмыс жасады деген айып тағылды.
Сот оның бұған дейін танысы К.-ның ұялы телефонын ұрлап әкеткенін және мессенджер арқылы ортақ таныстары арасында оның жеке өмірі туралы, жеке және отбасылық құпияны құрайтын мәліметтерді әдейі таратқанын анықтады.
Сот Л.-ны 4 жылға бас бостандығынан айырды, үкім заңды күшіне енді.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, адамның жеке немесе отбасылық құпиясын, жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз таратқаны не өзге де дербес деректерді заңсыз тарату – адамның құқығы мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіреді. Бұл үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 147-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген.
Осы баптың санкциясы алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі баламасы жоқ жазаны көздейді.
«Ал егер бұқаралық ақпарат құралдарында, телекоммуникация желілерінде немесе онлайн-платформаларда көпшілік алдында сөйлеген сөзінде осындай мәліметтерді таратқан жағдайда үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабына сәйкес әрбір азаматқа жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылық құқығы кепілдендірілгенін еске саламыз», – дейді прокурорлар.