СҚО-да ауыл әкімі көз жұмды: полиция суицид дерегін растады
Әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданы Май ауылдық округінің әкімі Ерлан Смаиловтың өз-өзіне қол жұмсап қаза болғаны туралы ақпарат тарады.
Астана, NEGE. Облыстық полиция қызметі 18 мамыр күні Май ауылында 48 жастағы тұрғынның мәйіті табылғанын мәлімдеді.
«Өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ерлан Смаилов Май ауылдық округінің әкімі қызметіне биыл 17 ақпаннан бастап кіріскен.
Айта кетейік, ауыл әкімдерінің өз-өзіне қол жұмсау дерегі ай басталғалы бері осымен екінші рет тіркеліп отыр.
6 мамырда Ақтөбе облысына қарасты Кеңкияқ ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қуанышбек Серікжанов өз үйінде өлі күйінде табылды. 43 жастағы Серікжанов 4 мамыр күні жұмыстан босату туралы арыз жазып, 5 мамырда ресми түрде қызметтен кеткен.
Бұдан бөлек, өткен жылы желтоқсанда Ақтөбе облысы Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов қаза болғаны туралы ақпарат тарады. Бейресми деректерге қарағанда, 46 жастағы әкімнің мәйіті 20 желтоқсан күні кешкі сағат тоғыздар шамасында табылған. Сол кезде облыстық полиция департаменті өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын.