11 июня 2025 г. 5:30

СҚО-да ауыл әкімі қоғамдық орында мас жүргені үшін жазаланды

Фото: ғаламтордан

СҚО-да ауыл әкімі қоғамдық орында мас жүргені үшін жазаланды.

Алматы, NEGE. Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығы Ақжар аудандық прокуратурасы материалдарының негізінде Кішіқараой ауылдық округінің әкімі Ботагөз Сабыроваға қатысты қызметтік тексеріс жүргізді.

Прокуратураның қаулысына сәйкес, Бостандық ауылында орналасқан Кішіқараой ауылдық округі әкімдігі ғимаратында учаскелік полиция инспекторының кабинеті, ауылдық кітапхана, ветеринарлық дәрігер және пошта тасушының кабинеттері орналасқан. Пошташы белгіленген талаптарға қайшы мұнда сауда-саттықпен де айналысып келген. Осы үшін аудандық полиция қызметкерлері сәуір айында оны ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Ал мамыр айында аудандық сот пошташыны кінәлі деп тауып, 60 мың теңгеге жуық айыппұл салған.

Қызметтік тексеріс барысында Ботагөз Сабырова аталған заңсыз сауданы білгенін, бірақ өз тарапынан әрекет етпегенін мойындады. Әдеп кеңесінің мүшелері бұл жолы оған қатысты ескертумен шектелуді ұсынды.

Ал Ғабит Мүсірепов ауданы Ломоносов ауылдық округінің әкімі Вячеслав Барсуковтың тәртіптік ісі Әдеп жөніндегі кеңесте осымен үшінші рет қаралып отыр. Бұл жолы ол қоғамдық орында мас күйде жүрген.

— 31 мамыр күні түнгі сағат 00.00 кезінде Петропавлдағы «Аврора» сауда үйінің маңында Барсуков тәлтіректеп келе жатқан. Полиция қызметкері оны тоқтатып, тексеру кезінде мас екені анықталды. Әкімшілік кодекстің 440 бабының 1-тармағы (қоғамдық орында алколголь ішу, мас күйде жүру) бойынша хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді, — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының бас маманы Дархан Ермеков. 
Ауыл әкімі түсініктемесінде сол күні дәмханадан шығып, таксиге беттеген сәтінде жанынан өтіп бара жатқан патрульдің тоқтатқанын айтты.

— Медициналық куәландыру менің жеңіл дәрежеде мас болғанымды көрсетті, яғни тәлтіректеген жоқпын. Полиция патрулінің қасынан өтіп бара жатқанда тоқтатты. Ия, өз кінәмді мойындаймын. Сол күні спартакиадаға қатысу үшін облыс орталығына келген едік, — деді Вячеслав Барсуков.

Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметшіге қатаң сөгіс жариялау ұсынылды.