Ішкі рейстердің билеті арзандай ма? Экономист ҚҚС-ның әсерін түсіндірді

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында ішкі әуе рейстерін қосылған құн салығынан босатуды (ҚҚС) ұсынды. Бұл бастама ішкі бағыттардағы билет бағасын арзандатып, әуе қатынасын халық үшін қолжетімді етуге бағытталған.

Ерлан Байдәулет

Астана, NEGE. Ішкі рейстердің бағасы соңғы жылдары жиі талқыланатын мәселеге айналды. Астана–Алматы, Астана–Шымкент бағыттарында билет құны кейде халықаралық рейстерден де қымбат болады. Осыған байланысты мемлекет бағаны төмендетудің түрлі тетіктерін қарастырып отыр.

Соның бірі – ҚҚС-ны азайту. Бұл шешім қабылданса, авиакомпаниялардың салықтық жүктемесі жеңілдеп, соның нәтижесінде билет бағасы да арзандауы мүмкін.

Алайда сарапшылар бұл өзгеріс билет бағасына бірден әрі толық әсер етеді деген пікірмен келіспейді.

Экономист Ерлан Байдәулет ҚҚС-ның азаюы бағаға оң әсер етуі мүмкін екенін, бірақ оның көлемі нарықтағы жағдайға байланысты болатынын айтты.

«Салық 16 пайыздан нөлге түссе, әрине, оның әсері тұтынушыға жетуі керек. Бірақ билет бағасының ішінде бірнеше компонент бар: жанармай, амортизация, әуежай алымдары, инвестициялық шығындар. Сондықтан баға толық 16 пайызға төмендемеуі мүмкін. Шамамен 7–8 пайызға арзандауы ықтимал», – дейді экономист.

Оның пікірінше, әуе компаниялары үнемделген қаражатты толықтай билет бағасын төмендетуге жұмсамауы да мүмкін. Кейбірі оны табысын сақтау немесе арттыру үшін пайдалануы ықтимал.

«Әр компанияның басқару тәсілі әртүрлі. Бағаны төмендетіп, пайдасын сақтап қалуы да мүмкін. Бұл жерде менеджмент маңызды рөл атқарады.

Кейбір елдерде ҚҚС мүлде нөлге теңестірілген. Бұл бағаның тұрақтануына әсер етті. Бірақ әр елдің салық жүйесі әртүрлі, сондықтан оны тікелей салыстыру қиын», – дейді ол.

Сарапшы Қазақстандағы ішкі әуе нарығының ерекшелігіне де тоқталды. Оның айтуынша, елде авиация әлі толық қалыптасқан, кең қолданыстағы көлік түріне айнала қойған жоқ. Сондықтан баға төмендеген сайын сұраныс біртіндеп артуы мүмкін.

«Елімізде халық көбіне теміржолмен жүреді. Ал ұшақ билетін бір ай бұрын сатып алып жатады. Егер ішкі рейстер арзандаса, бұл саланың дамуына серпін береді. Ал шетелге ұшатын рейстердің бағасы сол күйінде қалуы немесе тіпті өсуі де мүмкін», – дейді экономист.

Айта кетейік, Қазақстанда тұрақты әуе рейстеріне қосылған құн салығын (ҚҚС) алып тастаумен қатар, жергілікті әкімдіктерге облысаралық бағыттарды өз бюджеті есебінен субсидиялауға мүмкіндік беру жоспарланып отыр.

 

Жазған Әйгерім Кабиденова 

Қазір оқып жатыр

Қазақстан бойынша Айт намазының кестесі жарияланды

Alatau City-де Орталық Азиядағы алғашқы аэротакси сынақтан өткізілді

Қазақстандықтар Жан Байжанбаев бастаған бірнеше актерді қамауға алуды талап етті

«Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн – Тоқаев