21 мая 2025 г. 12:42

Шынасыл Абзал марқұм Шерзаттың анасының айтқандарын жоққа шығарды

Фото: коллаж

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. 

Бүгінгі сот отырысында Шерзат Полаттың өліміне күдікті деп танылған басты айыпталушы Шынасыл Абзалдан жауап алынып жатыр.

Сотталушы Шынасыл Абзал жауап беру кезінде өзіне тағылған айыпты жартылай мойындайтынын жеткізді.

Шынасыл Абзал өзінде пышақ болғандықтан Шерзаттың өлімін өз мойнына алған. Айтуынша, оның тергеу кезінде берген жауаптары құрастырылған.

Жәбірленушілер айғақ берген кезде, марқұм Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиева Абзал мен Нұрболдың қолынан ұстап алып, Шерзатқа жібермей қойғанын айтқан болатын. 

«Мен Шерзатқа жүгіріп бара жатқан кезде Абзал мен Нұрбол мені қолымнан ұстап алды. Шерзатқа жібермей қойды. Мен оларға: «Анасымын, балама тимеңдерші», деп өтіндім. Сол кезде Абзал (Шынасыл) маған аузыңды жап, қазір сені де өлтіреміз», деді. Дүкен жаққа қарағанымда екі қызды көрдім. Оларға қарап, жедел жәрдем мен полиция шақырыңдаршы дедім. Ол қыздар ешқандай әрекет еткен жоқ, маған қарап тұрды. Сол кезде қолдарынан жұлқынып, Шерзатқа қарай шығып кеттім. 7-8 адам Нұрғанат пен Шерзатқа жабылып жатты» , – деген еді Гүлбара Бишімбиева.

Сотталушы Шынасыл Абзал Бишімбиеваның жауабын жоққа шығарды.

«Мен ол жауабымен келіспеймін. Өйткені, мен анасын Шерзат жерде жатқан кезде жүгіріп келген соңында ғана көрдім. Оның қолынан ұстағаным жоқ. Оны тек соңында кетіп бара жатқан кезде Руставелли көшесінде көрдім. Шерзат құлап жатқан кезде жүгіріп келді», – деді Шынасыл Абзал.