5 марта 2026 г. 16:04

Шымкенттегі төрт адамның қазасының алдын ала себебі айтылды

Фото: Видеодан кадр/КТК

QazaqGaz Aimaq-тың Шымкенттегі бөлімшесінің өкілдері көпқабатты тұрғын үйдегі төрт адамның қазасына қатысты түсініктеме берді.

Астана, NEGE. Компания мәліметінше, 3 наурызда апаттық-диспетчерлік қызмет пультіне жедел жәрдем диспетчерінен үш пәтерде төрт адам қайтыс болғаны туралы хабарлама түскен.

«Оқиға орнына "QazaqGaz Aimaq" АҚ апат бригадасы барды. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жайтқа төрт адамның газдан иіс тиіп улануы себеп болған», – делінген хабарламада.

Зерттеу барысында апат бригадасы уланудың ықтимал себебі ретінде су жылытқыш мұржасындағы ақауды атады. Мамандардың мәлімдеуінше, су жылытқыш тиісті рұқсатсыз, өз бетінше орнатылған және желдету арнасы қарастырылмаған. 

«Жазатайым оқиғаның нақты себептері сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша анықталады. Тиісті тергеу жүргізу үшін ақпарат жергілікті атқарушы органға жолданды», – деп хабарлады QazaqGaz Aimaq өкілдері.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте бір подъездегі пәтерлерден төрт адамның мәйіті табылғанын жазған едік. Оқыс оқиға Студенттер қалашығы шағын ауданында болған. Тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінен 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың мәйіті, екінші қабаттағы тағы бір пәтерден 23 жастағы жігіттің, ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерден студент қыздың жансыз денесі табылған.