Шымкенттегі Нұрайдың қазасы: күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабы (99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы) бойынша қайта сараланды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді.
Бұл баптың санкциясында 15 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша тергелген, онда 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.
«Нұрайды өлтірген қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза алып, қалған өмірін түрмеде өткізуі тиіс.
Жас қызды некеге тұруға мәжбүрлеп, ол көнбеген соң қыр соңына түсіп, сталкинг жасап, ақырында аса қатыгездікпен адам өлтірді.
Қылмыскердің бұл әрекеті қай жағынан алып қарасақ та, ешбір ақтауға келмейді.
Осы бойынша сот отырыстары ашық өткізіліп, тікелей эфир арқылы елге көрсетілуі тиіс деп санаймын», – деп жазды адвокат әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Еске салсақ, қанды қылмыс 11 қаңтар күні кешкілік Шымкент қаласындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында жасалған. 21 жастағы Нұрай Серікбай есімді қызды танысы 11 жерінен пышақтап кеткен.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы күдікті 13 қаңтарда Шымкенттен 10 шақырым жерден ұсталып, қамауға алынды.
Сондай-ақ Нұрайдың бұған дейін қыр соңынан қалмаған жігітке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазғаны мәлім болды. Бірақ нәтиже болмаған. Бұл жайт қоғамда резонанс тудырып, Президент полицияның жұмысын тексеруді тапсырды.
Көп ұзамай қалалық полиция департаментінің бастығы және оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды.