21 января 2026 г. 14:26

Шымкентте жолдағы төбелестен бір адам қаза болды: 4 күдікті ұсталды

Фото: Шымкент полиция департаменті

Шымкентте жол-көлік оқиғасы он адам қатысқан жаппай төбелеске ұласты. Салдарынан бір адам қайтыс болып, бірнеше адам пышақ жарақатын алған.

Астана, NEGE. Оқиға 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қилысында болған. Жанжалдың алдын ала себебі ретінде бір жүргізушінің екінші жүргізушіге жол бермеуі айтылды.

Екі көлік соқтығысқаннан кейін жанжалға үшінші көлікпен келген ер адамдар қосылған. Олардың арасында жаппай төбелес шығып, салдарынан бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Бір адам ауруханаға жеткізілген, тағы бір адамды оқиға орнынан күшпен алып кеткен. Кейінірек оның мәйіті Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы аурухананың автотұрағынан табылған.

«Қаза тапқан азаматтың есімі – Василий Колесников. Ол 40 жаста болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол қылмыстық топтың мүшесі ретінде есепте тұрған», – деп жазады журналист Михаил Казачков Telegram-дағы арнасында.

Шымкент қалалық полиция департаменті бүгін, 21 қаңтарда кісі өліміне қатысы бар делінген төрт күдікті ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады.

«Полиция "Адам өлтіру", "Бұзақылық" және "Адам ұрлау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғады.

Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері ауқымды операция жүргізді, іздестіруге барлық күш пен құралдар жұмылдырылды. Нәтижесінде төрт күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген полиция хабарламасында.

Полицейлер қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккен азаматтың қазіргі жағдайынан хабардар етті.

«1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Оған сол жақ кеуде қуысының пышақ жарақаты диагнозы қойылып, осыған байланысты шұғыл түрде операция жасалды», – деп хабарлады дәрігерлер.

Ведомствоның мәліметінше, науқастың жағдайы ауыр күйінде қалып отыр, ол жансақтау бөлімінде қарқынды терапия қабылдап жатыр.

Айта кетейік, президент тапсырмасынан кейін 20 қаңтарда Шымкент қалалық полиция департаменті бастығы және оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды.