29 января 2026 г. 11:48

Шымкентте әйелді пышақтап кетті: күдіктіні ұстау кезінде полиция қару қолданды

Фото: gov.kz

28 қаңтарда Шымкентте әйел адам пышақ жарақатынан қайтыс болды. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Астана, NEGE. Қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, күдікті мен жәбірленуші арасында өзара келіспеушілік салдарынан жанжал шығып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған.

Болған жайтты полицияға куәгерлер хабарлаған. Күдіктіні ұстау кезінде қару қолданылған.

«Полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ұстау кезінде қарулы күдікті қарсылық көрсеткендіктен, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес полиция қызметкерлері табельдік қаруды қолдануға мәжбүр болды», – деп хабарлады полицейлер.

Күдікті ауруханаға жеткізіліп, қазіргі таңда полиция күзетіне алынған.

«Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.

Еске салсақ, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбай танысының қолынан қаза тапты. 28 жастағы күдікті оны бірнеше жерінен пышақтап өлтірген. Бұл жағдай қоғамда резонанс тудырды. Көп ұзамай Президент тапсырмасымен қалалық полиция департаменті бастығы және оның бірінші орынбасары, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға қызметінен босатылды.