17 апреля 2025 г. 17:54

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істер жөніндегі басқарма «лайк» мәселесіне қатысты пікір білдірді

Фото: ғаламтордан
Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығының басшылығы қызметкерлердің айтуынша, басшылық әлеуметтік желідегі белсенділікті, яғни «лайк» басу-баспауын қатаң бақылауға алып, лайк баспаған әріптестеріне қысым көрсетіп, ресми ескерту жасаған көрінеді.

Алматы, NEGE. Кейбір қызметкерлердің жүйкесі сыр беріп, денсаулығы нашарлаған. Осындай қысымға шыдай алмаған орталық қызметкерінің бірі есінен танып, жедел-жәрдем шақыруға тура келген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Бұл туралы Азат Дидарбек фейсбук желісіне жазды.

«Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығында» береке қашты. Жастар орталығы өзінің ішіндегі қызметкерлерін қудалап, лайк баспаса, қысымға алып, ескерту жасап жатқаны жайлы қызметкерлер редакциямызға шығып жатыр.Жастар орталығы қаламыздың жастар мәселесін шешеді дегенге сеніңкіремейтін едік, енді лайк басқан-баспаған қызметкерлерін тізіп, тексеріп, өздері хатта жазғандай тырнақша ішіндегі «ескерту»жасап, жұмыс жасауына кедергі келтіріп жүрсе, оңбайды..», – деп жазған еді. 

Оның жазуынша, кейбір қызметкерлердің жүйкесі сыр беріп, денсаулығы нашарлаған. Бүгін ғана осындай қысымға шыдай алмаған орталық қызметкерінің бірі есінен танып, жедел-жәрдем шақыруға тура келген. Алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

«Дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетті. Орталықтағы тәртіп пен ішкі ахуалды реттеуі тиіс басшылықтың бұл әрекеті қала жастарының мәселесін шешуі тиіс мекеме мәртебесіне көлеңке түсіріп отыр. Жастардың мәселесімен айналысудың орнына, мәселе көтерген жастарға қысым көрсетіліп жатқаны – қоғам назарын аударуды талап ететін жағдай. Бұлай жалғаса берсе, арты жақсы болмайтыны анық! Жастардың мәселесімен емес, мәселе көтерген жастармен айналысатын орталықтың басшысы қызметін асыра пайдаланып жүр ме екен?», – дейді Азат Дидарбек.

Бұл мәселеге пікір білдірген Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істер жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова:

«ЖРО-да туындаған жағдай – бұл екі қызметкер арасындағы ішкі жұмыс барысындағы келіспеушілік. Оны ұжым ішінде және маған айтса да, сабырлы түрде шешуге болар еді. Алайда, мұны әлеуметтік желіге салып, қоғамдық резонанс тудыру жолы таңдады. «е-Өтініш» платформасы арқылы ресми өтініш тек жарияланымдардан кейінгі күні ғана түсті», – деді.

Сондай-ақ, ол орталық басшысының расымен де қызметкерлерінен әлеуметтік желіде белсенді болуды талап еткенін мойындады.

«Бұл әрекеті үшін ол жазаланды. Әлеуметтік желілердегі белсенділікке талап қоюға байланысты ЖРО басшысының әрекеттері орынсыз деп танылды. Оған қатысты тәртіптік жаза қолданылды», – деді басқарма басшысы.