Шымкент, Алматы және Алматы облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Шымкентте полиция ірі қылмыстық схеманы әшкереледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері киберқылмысқа қарсы жүргізілген жұмыстар аясында Шымкент, Алматы және Алматы облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан топтың қылмыстық әрекетін тоқтатты.
Күдіктілердің интернет-алаяқтықтың 9 жайтына қатысы бар екені анықталды. Келтірілген жалпы материалдық шығын 141 миллион теңгеден асады.
Қылмыстық топтың 4 қатысушысы ұсталды. Оның ішінде: топ басшысы, яғни ұйымдастырушы; дропперлерді іздеумен және тартумен айналысқан екі қатысушы; сондай-ақ қолма-қол ақшаны алып, ұйымдастырушыға жеткізіп отырған тасымалдаушы.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілердің өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталып жатыр. Іс-шара қалалық прокуратураның үйлестіруімен өткізілді.
Еске салайық, 16 қыркүйектен бастап банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.