Шымкент әкімінің орынбасарын атып кетті: Әкімдік қызметкері оқиғаға қатысты пікір білдірді
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгерім Жұмақұлова Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірді.
Алматы, NEGE. Оқ атуға оның шабуыл жасаған адамның жұбайына тиісуі себеп болған деген нұсқа тарап жатыр.
«Жаңа ғана полиция бөлімшесінде күдіктінің әйелімен сөйлестім. Әйел адам осы іске байланысты куәлік беру үшін келген екен. Ол Берденовті мүлдем танымайтынын айтты. Мұндай жағдайда оның тиіскені туралы қандай сөз болуы мүмкін?» – деп жазды Жұмақұлова Instagram желісінде.
Естеріңізге сала кетейік, Қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кетті. Оқиға кеше сағат 20:30-да қалалық әкімдік маңында болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Оқ «оң жамбасы мен иығына тиген».
Оқ атқан адам ұсталды.
Күдікті — әкімдікте жұмыс істейтін қызметкер.
Ауруханаға жеткізілген Руслан Берденовке ота жасалды.
Ота кезінде дәрігерлер қан кетуді тоқтатып, зақымданған жерлерді қалпына келтірді. Қауіп төндірерлік жағдай жоқ.
Берденовтың жағдайы тұрақты ауыр деп бағалануда.